Хоккейден ӘЧ: Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Норвегияны ұтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ригада өтіп жатқан хоккейден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының бірінші матчында «А» тобында өнер көрсеткен Қазақстан командасы Норвегия құрамасын жеңді. Бұл туралы Sports.kz хабарлайды.

Хоккейден ӘЧ: Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Норвегияны ұтты

Ойынның алғашқы кезеңінде қазақстандық Андрей Буяльский норвегиялықтардың қақпасына 2, ал Олег Бойко бір шайба соқты. Келесі 20 минуттық кезеңде Юсуп Асуханов пен Сергей Пряхин бір-бір реттен қарсыластар қақпасының осал тұсын дәл тапты. Ал норвегиялықтар сапынан Ларс Родн бірінші және екінші кезеңде бір-бір реттен Қазақстан құрамасының қақпасына шайба салған болатын. Үшінші кезеңде дәл осы есеп өзгерген жоқ. Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыластарынан 5-2 есебімен басым түсті.

Енді 3 сәуір күні Қазақстан құрамасы Германия командасымен кездесетін болады.


Фото: icehockey.kz