Хоккейден еліміздің әйелдер құрамасын канадалық маман жаттықтыруы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хоккейден еліміздің әйелдер құрамасын канадалық маман жаттықтыруы мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мәлім етті.
«Біздің хоккейшілеріміз де табысты өнер көрсетуде. Олар І тобында жеңіске жетіп, әлемдік хоккей командаларының үздік дивизонына енді. 2016 жылы олар Мәскеуде Әлем чемпионатына қатысатын болады», - деді вице-министр.
Сонымен қатар ол Қазақстанның хоккейден әйелдер құрамасы да жақсы өнер көрсетіп, Б тобынан А тобына өткендігін атап өтті.
«Хоккейден әйелдер құрамасымен жұмыс істеу үшін канадалық маманды шақырмақпыз. Біз сол арқылы бұл саланың деңгейін көтеруге күш саламыз», - деген С.Мұсайбеков шетелдік маманмен әлі келісім жасалмағандықтан аты-жөнін жария ете алмайтындығын айтты.