Холокосты бастан өткерген жазушы Майкл Грюнбаум өмірден озды

БОСТОН. ҚазАқпарат - Белгілі жазушы, Холокост оқиғасының куәгері Майкл Грюнбаум 92 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Boston Globe басылымына сілтеме жасап.

Холокосты бастан өткерген жазушы Майкл Грюнбаум өмірден озды

Ол өзінің 80 жасында жазған естеліктерінде фашистер Чехословакияны, өзінің балалық шағын қалай талқандағанын және жасөспірім кезінде төрт мәрте өлімнен қалай аман қалғаны туралы жазған еді.

«Холокостты бастан кешіру – үлкен жауапкершілік – есте сақтап жүру, айтып жүру және ешқашан ұмытпау жауапкершілігі. Осы дүниеде кері кеткен нәрсені түзету үшін сіздерді Холокост сабақтарын пайдалануға шақырамын», - деп жазды Грюнбаум. Сондай-ақ ол бұл әлемді бұдан да жақсырақ ету үшін алдымен, өзіңнен бастау керектігін айтқан.

92 жастағы жазушы қайтыс болар күні Бруклиндегі үйінде Zoom бағдарламасы арқылы екі сабақ өткізген. Ол жүрек сырқатынан көз жұмды.

Майкл Грюнбаум 1930 жылы 23 тамызда дүниеге келіп, Прагада өскен. Бала кезінен кәсіпқой футболшы болуды армандаған. Бірақ бұл арманы орындалмады. 1939 жылы Германия Чехословакияны оккупациялауды бастады. Бұл күн Грюнбаумның есінен ешқашан шыққан емес.

Грюнбаумның отбасы барлық мүлкі мен ақшасын фашистерге тапсырып, Прага геттосындағы шағын пәтерге көшіп барады. Ал 1941 жылы оның әкесі Карл тұтқындалып, азаптап өлтіріледі.

Келесі жылы, 12 жасқа толған Майклды анасы және әпкесімен бірге Чехиядағы Терезин деген фашистік концлагерьге жібереді. Ол жерде жатаққаханың тар бөлмесіне 40-қа жуық ұлды жатқызады. Кейін көпшілігі түрлі сырқаттан немесе аштықтан қайтыс болады.

Майклдың отбасы мен өзі Освенцимге жіберілетіндердің тізіміне үш мәрте енгізілген, бірақ анасы Маргареттің арқасында олар қорқынышты тағдырдың тырнағына ілінбей қалады. Анасы Терезинде фашистік офицердің балаларына қонжық жасаумен айналысатын. Оның отбасы тізімге ілінген сайын, ол өзі болмаса тапсырыс орындалмай қалатынын алға тартып отырған.

Анасы 1974 жылы көз жұмады. Ол жасаған ойыншықтардың бірін ұлына алып қалған. Оған Саша есімі беріледі.

«Мен осы ойыншық қонжықтың арқасында тірі жүрмін. Холокост кезінде Саша менің өмірімді сақтап қалды», - дейді Майкл.

М.Грюнбаум соғыстан кейін АҚШ-қа қоныс аударып, Массачусетс технологиялық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен бітіріп, Йель университетінде қала құрылысы магистрі дәрежесін алды. Әйелімен бірге Бруклинге қоныстанып, үш ұл тәрбиелеп өсірді.

Ұлы Дэвид әкесінің керемет адам болғанын айтады: «Концлагерьдегі тәжірибесінің арқасында өмірінің соңына дейін оптимист болды. Әкем бізді табандылыққа баулыды: «Өзіңіз қалаған нәрсеге ұмтылудан ешқашан бас тартпа» дейтін.

Майкл «Әлемнің бір жерінде күн бар» атты кітабының атауын анасының Терезиннен шыққаннан кейін жазған хатының бір жолынан алған. Кейін ол өзінің естеліктерін 19 тілге аударып басты.