09:12, 19 Маусым 2025 | GMT +5
Хорватия президенті Израильдің саясатын қатаң сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM — Хорватия президенті Зоран Миланович Израиль АҚШ-тың қолдауын пайдалана отырып, ешқайда апармайтын қылмыстық саясат жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп жазды Анадолы агенттігі.

Мемлекет басшысы бұл пікірін Загреб қаласындағы ресми іс-шарадан кейін журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып айтты.
Израильдің Иранға жасаған шабуылынан басталған қақтығысқа тоқталған Миланович:
– Израиль көп жылдан бері не істеймін десе де, ерікке ие болып отыр – бұл айқын. Меніңше, біз мұндай мемлекетпен және оның басшыларымен еш байланыста болмауымыз керек. Израильдің жүргізіп отырған қылмыстық саясаты ешқандай оң нәтижеге әкелмейді, және өкінішке қарай, олар бұл істе Вашингтонның қолдауына ие, – деді.
Сондай-ақ ол:
– Біреулер дүниежүзілік қақтығысты тұтандырғысы келеді және бұған күш пен зорлық арқылы қол жеткізуде. Олар бұл әрекеттерін америкалық қарулармен жасап жатыр, – деп қосты.
Милановичтің айтуынша, Хорватия да Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындауы тиіс. Ол Израильдің «ұсқынсыз» саясаты жайлы ашық айту қажеттігін атап өтті.
– Қылмыскерлер тиісті жазасын алуы керек. Қазіргі Израиль үкіметінің кейбір өкілдері осы үшін жауапты, – деп қорытындылады Хорватия президенті.
Еске сала кетейік, Иранның жоғарғы көшбасшысы Трампқа жауап ретінде Иранды ешкім шегінуге мәжбүрлей алмайтынын айтқан болатын.