Хосни Мүбарак жүрек қағысы тоқтап, клиникалық өлім аузында жатыр
АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат - Мысырдың бұрынғы президенті Хосни Мүбарактың халі мүшкіл. Алайда, экс-президенттің денсаулық жағдайы туралы түрлі қарама-қайшы ақпарат түсіп жатыр,
деп хабарлайды «Қазақстан» телеарнасы. Әуелде жергілікті «MENA» мемлекеттік агенттік Мүбарак клиникалық өлімге душар болды, деген ақпар таратқан. Ал оның туыстары және дәрігерлер 84 жастағы саясаткер ес-түссіз халде және қазір ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлап отыр. Сондай-ақ, кеше Мүбарактың жүрегі бір сәтке тоқтап, дәрігерлер оның өмірін арашалап калғаны белгілі болды. Сондықтан, бұрынғы президент түрме ауруханасынан әскери госпитальге дереу көшірілген.
Айта кетейік, Каир соты Хосни Мүбаракқа өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарғаннан кейін, оның денсаулығы күрт төмендеп кеткен. Оған былтыр үкіметке қарсы шерулерде мыңдаған адамды қырғынға ұшыратты, деген айып тағылған.