Хосни Мүбарактың ұшақтары тартып алынды
АСТАНА. 9 наурыз. ҚазАқпарат - Мысыр басшылығы елдің бұрынғы президенті Хосни Мүбарактың отбасын, олардың қарауындағы үш ұшақтан айыру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Utro.ru сайты.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, президенттік борт, жоғары лауазымды қонақтарға арналған әскери ұшақ және экс-президенттің жеке әуе лайнері Мүбарактың отбасы тұрып жатқан Шарм-әл-Шейх қаласының әуежайынан алып кетілді. «Қазіргі таңда Шарм-әл-Шейх әуежайында бұрынғы президентке қатысты не жекеменшік, не мемлекеттік ұшақ жоқ», - деп хабарлады журналистерге үкіметтік дереккөз.
Мүбарактың отбасына қатысты қабылданып жатқан бұл шаралар, бас прокуратураның шешімі бойынша президент пен оның отбасы мүшелеріне елден кетуге салынған тыйыммен байланыстырылып отыр. Елдің құқық қорғау органдары қазір Мүбарак пен оның туған-туыстарының табыс көздері туралы деректерді тексеріп жатыр.