Хостелдегі өмір: елорда студенттері жаңа жатақханаларда қалай тұрып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада колледж студенттеріне арналған жатақханалардың жаңа типі пайда болды. Хостелдегі жастардың өмірі туралы елорда әкімдігінің ресми сайты баяндайды.

Хостелдегі өмір: елорда студенттері жаңа жатақханаларда қалай тұрып жатыр

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудың аясында «Әл-Қуат» хостелі «Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студенттерге жағдай жасау сапасын жоғарылату» бағытын іске асырудың қатысушысы атанды. Мұнда бүгінге дейін елордадағы төрт колледждің 400 студенті қоныстанып үлгерген. Тұрғындардың айтуынша, жатақханада тұру ыңғайлы. Әр бөлмеде 3-4 адам тұрады. Мұнда тегін интернет бар. Сондай-ақ, «аспаз» мамандығы бойынша оқитын студенттер өз білімі мен қабілеттерін өз бетінше меңгеруі үшін асхана жұмыс істейді.

«Хостелдегі өмір қызық әрі ыңғайлы. Қазір әр бөлмеде душ кабинасы бар. Бұрын жатақханада тұрғанда, тұрғындардың барлығы өз қабатындағы жалғыз душқа баратын. Біз жағдайымыздың жақсарғанына қуаныштымыз. Бөлмелерде әркімнің өз шкафы бар. Бөлмелерді өз талғамымызға сай етіп жайластыра аламыз», - деп бөлісті «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» МКҚК-нің 2 курс студенті Жанна Баяхметова.null

Хостелде тұру үшін айына 27 мың теңге төлеу керек. Оның 22 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінсе, 5 мың теңгесін студенттер өздері төлейді. Хостел қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінен алыс емес жерде орналасқан. Жатақханалары жоқ колледждердің студенттері хостелдерде тұруға ниет білдіреді. Мұнда әр колледждің тәрбиешісі бар. Өзгермеген ереже: студенттер сағат 22:00-ден кеш қалмай хостелге оралуы тиіс.

«Балалар 2 ауысымда оқиды. Олармен колледждердің тәрбие бөлімі жұмыс істейді. Бұл бөлімді директордың тәрбие жөніндегі орынбасары басқарады», - деп мәлімдеді қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Зәуре Қылышпаева.  

Студенттердің бөлмесіне кірсең, көтеріңкі көңіл-күй мен шығармашылық атмосфераға бөленесің.  Екінші қабатта белсенді өмірді бірден сезуге болады. Балалар өздері үйірмелерді ұйымдастырып, флешмобтар мен түрлі мерекелерді өткізеді. Үйірмелердің арасында домбыра сабақтары бар. Оны 2 курс студенттері ұйымдастырды.    

«Мен бала кезімнен домбырада ойнаймын. Түрлі конкурстарға қатыстым. Менің отбасым интернационалды. Өгей әкемнің ұлты қазақ. Ол менің музыкалық аспапқа деген махаббатымды оятты. Уақыт өте келе мен өзіме домбыра сатып алдым. Анам мені өнер мектебіндегі домбыра үйірмесіне алып келді. Мектепті қызыл дипломмен тәмамдадым. Енді міне, колледждің студенттерін домбырада ойнауды үйретемін. Қазір де түрлі концерттер мен фестивальге қатысамын. Бос уақытымда домбырада ойнаймын. Ол маған шабыт береді. Үйірме әркімге дамуға көмектеседі», - деп әңгімеледі қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің 2 курс студенті Михаил Абуов.  

Сондай-ақ, қыздарға арналған «Сырғалым» үйірмесі бар. Мұнда болашақ тігіншілер қуыршақтарды өз қолымен жасайды. Бұл іспен студенттер колледжде де айналыса алады.null

«Хостелге көшіп келгеннен бері 6-7 қуыршақ жасадық. Маталар, шаш, сән бұйымдарын қолданамыз. Әр қуыршақтың өз есімі бар. Әрқайсысына ерекше ықыласпен қараймыз. Қуыршақтарды жасағанда, шығармашылыққа ерік береміз. Дизайнын ойлап табамыз. Жұмысымыздың нәтижесі қуантпай қоймайды», - қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің 2 курс студенті Анастасия Муканова.

Колледждегі тіршілік қайнап жатыр. Балалар өз мерекесі 14 және 15 қарашада өтетін Студенттер күніне дайындалуда.

Фото: Ильдар Маняпов