Храпунов ісі: 9 фигурант қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Виктор Храпунов ісі бойынша тоғыз фигурант қылмыстық жауапкершіліктен босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Храпунов ісі: 9 фигурант қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Виктор Храпуновтың бұрынғы орынбасары, лауазымын теріс пайдаланды деген айып тағылған 71 жастағы Яков Заецқа қатысты қылмыстық істің мерзімінің өтіп кетуіне байланысты тоқтатылды. Қылмыстық жауаптан: Ғабиден Қайымсұлтанов, Қуандық Бисқұлтанов, Абай Сапаров, Алтай Қасымов, Серік Есмұқанов, Айнакүл Садықбаева, Абылайхан Қарымсақов және Абдул-Ғазиз Мұқашев босатылды. Олардың барлығы 2000-жылдардың басында Алматы әкімдігінің жанындағы түрлі құрылымдарда және Храпуновтардың бақылаудағы жекеменшік компанияларында жұмыс істеген.

Бұрын судья Қасым Қалмағамбетов мемлекеттік мүліктің ысырап етілуі  туралы атышулы істің басты фигуранттары Виктор және Лейла Храпуновтарға үкім шығарған болатын. Алматының бұрынғы әкіміне қауіпсіздігі барынша күшейтілген колонияда 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, оның әйеліне 14 жылдық түрме мерзімі, күйеу баласы Айяр Ильясовқа 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Үкім сотталғандар ұсталғаннан кейін күшіне енеді. Өйткені Қазақстаннан 2007 жылы шығып кеткен Виктор Храпунов қазіргі кезде зайыбымен бірге Швейцарияда тұрады.

Еске сала кетейік, ерлі-зайыпты Храпуновтарға мемлекет мүлкін жымқыру, алаяқтық, лауазымдарын теріс пайдалану, пара алу және ұйымдасқан қылмыстық топтың жымқырған мүліктерін заңдастыру айыптары тағылған. Мемлекетке келтірілген залал 250 миллион доллардан асады.