«Христово братство», «Соңғы өсиет шіркеуі» және өзге де, барлығы 1463 діни бірлестік қайта тіркеуден өткен жоқ - Қ.Лама Шариф

АСТАНА.  15 қараша. ҚазАқпарат - Діни бірлестіктерді қайта тіркеуден кейін, олардың саны 32 пайызға қысқарды.

«Христово братство», «Соңғы өсиет шіркеуі» және өзге де, барлығы 1463 діни бірлестік қайта тіркеуден өткен жоқ - Қ.Лама Шариф

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан дін танушыларының ІІ форумында ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф айтты.

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу үдерісі дер кезінде жасалған сәтті қадам болғандығын баса айтқан ол: «Діни бірлестіктердің саны мен ұстанатын діні туралы жаңа деректер алынды. Елімізде қайта тіркеу үдерісі басталғанға дейін тіркеуде 4551 діни бірлестік болғаны белгілі. 2012 жылдың 25 қазанында аяқталған қайта тіркеуден кейін олардың саны 3088-ге дейін қысқарды»,-деді.

Агенттік төрағасының пайымынша,  олардың санының азаюы саны аз діни топтардың таратылуымен және іс жүзінде жұмыс жүргізбеген діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтпеуімен байланысты болған. Олардың қатарында «Христово братство», «Соңғы өсиет шіркеуі», «Альжан-Дом спасения», «Христиан ғылым шіркеуі» сынды діни бірлестіктер бар.

«Бұрын қызмет атқарған діни бірлестіктердің кейбірі өз құрылтай құжаттарына дінтану сараптамасының теріс қорытындысын алды. Олар «Саентология» шіркеуі, «Бірігу» шіркеуі, «Ақмадиа жамағаты», «Рухани жол» және тағы басқалары»,-деді Қ. Лама Шариф.