Хромтау, Сәтбаев, Балқаш, Құлсары қалалары Саранның үлгісі бойынша дамиды

Хромтау
Фото: Атырау облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының моноқалаларын дамытуда Саран қаласының үлгісін негізге алуды тапсырды.

«Оңтайлы тәсілдер Саран мен Текеліге моноқалалар тізімінен шығуға мүмкіндік берді. Текелі қаласында 10 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 есеге артты, ал жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны екі есеге жуық өсті. Саран қаласының жағдайы әжептәуір өзгерді. Даму көрсеткіштері айтарлықтай арта түсті. Өңір әкімі қабылданған шаралар мен жаңа өндірістер, индустриялық аймақ туралы баяндады. Әрине, жаңа өндірістердің құрылуы осы қалалардың дамуына тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатына оң әсер етті. Мен жақында Саран қаласында болдым, өндірістерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездестім. Көңіл күйлері жақсы. 20 жылдан астам жұмыссыз отырған адамдар жұмысқа кірісті. Бұл – өзге моноқалаларға үлгі болуға лайық мысалдар», - деді ол.

Олжас Бектенов Саран қаласының тәжірибесі келешекте бүкіл республикаға таратылатынын айтты.

«Сондықтан Өнеркәсіп министрлігі Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, Саран қаласының үлгісі бойынша осы жылдың соңына дейін Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құруы қажет. Кейін бұл тәжірибені басқа моноқалаларға да тарату керек», - деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар