«Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі Жезқазғанда: жанымызда жүрген қаһармандар туралы
АСТАНА. KAZINFORM — 18–19 тамыз күндері Жезқазған қаласында өткен «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийдің бағдарламасына «ARAL», «Қуатты серіктес», «Серт» және «Жолбарыс: из тайги в степь» деректі фильмдері енді.
Кинолекторий бағдарламасы экологиялық жауапкершілік, халықаралық ынтымақтастық, табиғи апаттардың салдарын еңсеру секілді өзекті бағыттарды қамтиды. Бұл тақырыптар табиғи мұраны сақтауға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және елдің келешегіне жауапкершілікпен қарауға айрықша мән беретін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтармен үндеседі.
— Деректі кино көрермен үшін әрдайым қызықты. Алайда, өкінішке қарай, бүгінде мұндай туындыларды үлкен экраннан тамашалауға мүмкіндік аз. Сондықтан біздің облыс үшін «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийінің өтуі — айтулы оқиға. Мұндай жобалардың өңірлер үшін маңызы ерекше. Өйткені олар тұрғындарға қазіргі заман тарихындағы елеулі оқиғаларды деректі кино арқылы танып, адамдардың тағдырлы әңгімелерін тыңдап, қоғамда болып жатқан үдерістерге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ең бастысы — осындай кездесулер өңірлердің өзінде өтіп, баршамызға ортақ мәселелер төңірегінде көрермендерді біріктіретіні, — деді Ұлытау облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Ербол Күмісходжаев.
Ұлытау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Мағжан Табылдиннің айтуынша, деректі киноның көрерменге жақындығы — оның кейіпкерлерінің өмірден алынуында. Фильмдердегі басты тұлғалар — күнделікті өмірде қатар жүрген қарапайым қазақстандықтар: көршіміз, танысымыз, өзіміз жиі жолығатын жандар.
— Бұл актерлер емес, өмірде бар адамдар, олардың бастан өткерген шынайы оқиғалары. Сондықтан мұндай фильмдер көрерменнің жүрегіне жол тауып, ерекше ықылас тудырады, — деді ол.
Кинолекторий бағдарламасын Арал теңізіндегі балық кәсібімен бүкіл ғұмырын байланыстырған Қүнтуған Тұрғынбаевтың өмірі мен тағдырына арналған «ARAL» деректі фильмі ашты.
«Қуатты серіктес» картинасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Жапонияға жасаған мемлекеттік сапарына және Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне арналған. Фильмде мемлекетаралық диалогтың жүйелі әрі сабақтастығы екі ел арасындағы серіктестікті нығайтып, оны дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашатыны баяндалады.
Мемлекет пен қоғамның жауапкершілігі тақырыбы «Серт» деректі фильмінде жалғасын табады. Картина кейіпкерлерінің тағдыры арқылы 2024 жылдың көктемінде Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында болған жойқын су тасқыны, сондай-ақ табиғи апаттан кейінгі ауқымды қалпына келтіру жұмыстары баяндалады.
Ал жезқазғандық көрермендердің ерекше қызығушылығын «Жолбарыс: из тайги в степь» фильмі тудырды.
Картина Қазақстанға бір кездері осы өлкеден жойылып кеткен тұран жолбарысын қайта оралтуға бағытталған ауқымды экологиялық жоба туралы баяндайды. Сонымен қатар фильм табиғатты қорғауға бағытталған бастаманың Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың маңызды бөлігіне қалай айналғанын көрсетеді.
2026 жылғы мамырда Ресей Президенті Владимир Путиннің Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Қазақстанға төрт амур жолбарысы сыйға тартылды. Жануарлар Қиыр Шығыстың тайгасынан Іле-Балқаш резерватына жеткізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолбарыстардың Қазақстанға келуін Ресей Президенті сапарының «бір ерекшелігі» деп атады.
Алайда бұл сыйдың ар жағында екі ел мамандарының қажырлы әрі ауқымды еңбегі жатыр. Жануарларды өздері үшін мүлдем жаңа ортаға бейімдеу, олардың аңшылық дағдылары мен адамнан табиғи сақтығын жоғалтпауын қамтамасыз ету қажет болды. Сонымен қатар Іле-Балқаш резерватында жолбарыстардың қоректік базасы қалпына келтіріліп, жыртқыштардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуіне қажетті жағдайлар жасалды.
Фильм осы күрделі үдерістің барлық кезеңін егжей-тегжейлі көрсетеді: жануарлардың Қазақстанға келуінен бастап, бейімделу кезеңіне, одан әрі оларды табиғат аясына жіберуге дайындауға дейінгі жұмыстар қамтылған.
Екі ересек жолбарыс пен екі күшіктен тұратын төрт жануар Хабаровск өлкесінен Қазақстанға дейін ұзақ жол жүріп өтті. Елге жеткізілген соң олар мамандар тәулік бойы бақылау жүргізетін бейімдеу орталығына орналастырылды. Мұнда олардың денсаулығы ғана емес, мінез-құлқы мен қоршаған ортаға бейімделу ерекшеліктері де жіті қадағаланды.
— Балқашта жолбарысты табиғатқа жібергенін жаңалықтардан естіп, оқып жүрдік. Бірақ мұның артында экожүйе үшін де, жалпы Қазақстан тарихы үшін де қаншалықты ауқымды, қажырлы әрі аса маңызды жұмыс тұрғанын тіпті елестете алмаппыз, — деді көрермен Еркеш Оспанов.
Оның пікірінше, фильм жаңалықтардағы қысқа ғана хабарламаның тасасында қаншама ғылыми, экологиялық және ұйымдастырушылық міндет тұрғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік берген.
Фильм авторлары үшін Қазақстанға жолбарыстардың келу фактісін ғана көрсету жеткіліксіз болған. Олар осы оқиғаның тарихи мәні мен кең ауқымды контекстін де көрерменге жеткізуді мақсат еткен.
— Біз үшін деректі кино — уақытты тоқтатып, оны тарихқа айналдырудың бір жолы. Авторлар ретінде біздің міндетіміз — шындықты жай ғана хаттап қою емес, оны терең мазмұнды авторлық ойға айналдырып, әрбір оқиғаның ар жағындағы адамдық мәнді табу. Сондықтан «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі біз үшін айрықша маңызды. Біз тарихты сақтап қана қоймай, оны жас ұрпаққа жанды, шынайы әрі эмоциялық тұрғыда жеткізгіміз келеді, — деді Президенттің ТРК Деректі кино орталығының аға редакторы Эльмира Ишмухаметова.
«Жолбарыс: из тайги в степь» — бір кездері осы жерден жойылып кеткен тіршілік иесінің туған табиғатымызға қайта оралуына деген үміттің тарихы. Фильм экологиялық бастаманың Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара сенімге негізделген ықпалдастықтың маңызды бөлігіне айнала алатынын көрсетеді.
Айта кетейік, «Хроникадан болашаққа» кинолекторийі өз жұмысын Астанадан бастап, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Петропавл және Павлодар қалаларында жалғастырды.
Алдағы күндері деректі фильмдер Қарағанды, Көкшетау және Қостанай қалаларында көрсетіледі. Одан кейін шығармашылық топ Талдықорған мен Қонаев қалаларына аттанады.
Жоба 25 қыркүйекте Алматы қаласында қорытындыланады.
Көрсетілімдерді өңірлер әкімдіктерінің қолдауымен Президенттің ТРК ұйымдастырып отыр. Кіру тегін.