«Huawei-Almaty» компаниясы ХАТУ студенттеріне 10 білім грантын табыстады

АЛМАТЫ. 9 тамыз. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда «Huawei-Almaty» компаниясы ашық жүйелер және бұлтты есептеулер бойынша ғылыми-зерттеу зертханасының ашылу салтанатында Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бакалавриатының техникалық мамандық бойынша оқитын студенттеріне 10 білім грантын табыстады.

«Huawei-Almaty» компаниясы ХАТУ студенттеріне 10 білім грантын табыстады

"Білім гранттарын ұсыну жобалары жоғары білікті ІТ мамандарды оқыту мен дайындауға платформа құруға және "бұлтты есептеулер" саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдайлар жасауға мүмкіндік береді деген үмітеміз", - деді «Huawei-Almaty» компаниясының басшысы У Чангао шара барысында.

Компания көздеген сыйақы қоры 110 000 АҚШ долларынан асады. Сыйақы 4 жыл мерзіміне берілген. Оқу орнында ерекше көзге түскен студенттер 3-курстан соң компанияның Қытайда орналасқан штаб-пәтерінде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады. Ал, оқуды аяқтаған соң «Huawei-Almaty» компаниясына жұмысқа тұру құқығына ие болмақ.