HumanRights Watch-тың В.Козловқа қатысты үкімді «пікір айту еркіндігіне берілген соққы» деген мәлімдемесімен келіспеймін - Е. Ертісбаев

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев бұл пікірін Страсбургте өткен Бүкіләлемдік демократия үшін форумында бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында білдірді.
«Козловтың өзі мен басқа да оппозиционерлер ұзақ жылдар бойы Президент жөнінде де, Қазақстанның саяси жүйесі жөнінде де ұдайы өз пікірлерін білдіріп, қатқыл да жағымсыз баға берумен болды. Сол кездері ешкім де оларды қудалаған жоқ, өйткені, біздегі Конституцияның 20-бабы сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік береді. Бірақ сөйлеу мен сынға алу - бір бөлек те, мемлекеттік билік органдарына шабуыл жасау, әкімдік ғимаратын өртеу, қорытынды нәтижесі көптеген құрбандықтарға алып баратын жаппай тәртіпсіздікке шақыру - бір бөлек. Олар, сонымен бірге, Конституцияның әлеуметтік алауыздықты қоздыруға тыйым салатын 5-бабының талаптарын өрескел бұзды. Бұл барлығы анық көрсетілген нақты қылмыстық бап. Сондықтан, менің көзқарасымша, HumanRights Watch-тың мәлімдемесі барынша біржақты болып шыққан. Ал АҚШ елшілігінің мәлімдемесіне келсек, онда бұл үкім оппозицияның бас көтермеуін көздейді дегенге саятын ой бар. Ал Қазақстандағы оппозиция бұрыннан көпшілікке кеңінен танымал. Оқиғалар кезінде Болат Әбілов пен Әміржан Қосанов сияқты көптеген оппозиционерлер Жаңаөзенге келіп, дәл сондай үгіт пен насихат жұмыстарын жүргізді. Бірақ олар Конституцияның, қабылданған заңдардың шеңберін қатаң сақтады. Олар жұртты дүрбелеңге шақырған жоқ. Сондықтан, оларды ешкім қудаламайды. Бас прокуратураның оларға қоятын кінәcі де жоқ. Бұл жерде әңгіме осы шиеленістің бүліншілігін егер түгелдей мемлекеттік билік болмаса да, жергілікті билікті құлатуды көздеген, қылмыстық мақсатта құрылған ұйымның жасырын бет-бейнесі туралы болып отыр. Мұнда мемлекеттік қылмыскер Әбләзовтің жергілікті мемлекеттік билік органдарын басып алуға шақырған ұрандары болды. Үлкен өкінішке орай, Козлов мырза, міне осыған нақтылы қолын созған. Мен дәл қазір соттың бұл жөніндегі шешіміне түсіндірме бергім келмейді. Біздегі сот - биліктің тәуелсіз бұтағы, олар сондықтан да осындай шешім қабылдады», деп мәлім етті ол.
«Егемен Қазақстан» газеті.