Хьюстонда Қазақстанның Республика күні тойланды

АСТАНА. KAZINFORM — Хьюстонда Қазақстан Республикасының күні аталып өтті. Кеш Қазақстан мен АҚШ-тың мемлекеттік әнұрандарын орындаумен басталып, екі ел арасындағы достықты дәріптеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

День Республики Казахстан отметили в Хьюстоне
Фото: Texas Qazaq Foundation

Салтанатты кеште қала әкімшілігінің өкілдері мэр Джон Уитмайрдың атынан Texas Qazaq Foundation қорына Қазақстанның ұлттық мерекесіне арналған ресми құжатты табыстады.

Генеральный консул Казахстана в Хьюстоне Габидулла Оспанкулов
Фото: видеодан алынған скрин / Texas Qazaq Foundation

Кеш барысында Қазақстанның Хьюстондағы Бас консулы Ғабидулла Оспанқұлов жақын арада қалада Қазақстанның консулдық өкілдігі ашылатынын мәлімдеді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Хьюстонда Қазақстанның ресми консулдық өкілдігі ашылады. Жақын уақытта өкілдік өз жұмысын бастайды, – деді Ғабидулла Оспанқұлов.

Бұл қадам қазақстандықтардың тарихи Отанымен байланысын нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.

День Республики Казахстан отметили в Хьюстоне
Фото: Texas Qazaq Foundation

АҚШ Сауда қызметінің Хьюстондағы өкілдігінің директоры Джейсон Уилсонның айтуынша, 2025 жылы АҚШ пен Қазақстан арасындағы тауарлар мен қызметтердің сауда көлемі алғаш рет 7 млрд доллардан асқан.

Сонымен қатар шелде қазақ тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін дәріптеуге ерекше мән берілді. АҚШ-тағы алғашқы қазақ мектебі – Houston Qazaq School оқушылары қазақ билерін билеп, ән айтып, күй тартты. 15 жылға жуық тарихы бар мектеп алғашында 10 оқушымен жұмысын бастаса, бүгінде 80-ге жуық баланы қамтып отыр. Жастар да АҚШ-тағы қазақтар арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық мәдени мұраны сақтауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып жатыр.

День Республики Казахстан отметили в Хьюстоне
Фото: Texas Qazaq Foundation

Бұдан бөлек мерекені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен 12 қазақстандық кәсіпкердің үлесі зор болды. Техастағы қазақстандықтарды біріктіретін Texas Qazaq Foundation қоры Steppe Business Club бизнес-клубы мен студенттер форумын қоса алғанда, іскерлік және білім беру жобаларын дамытып келеді.

Қор алдағы уақытта мәдени іс-шаралар өткізіп, жас ұрпақты қолдауға арналған қазақтың қоғамдық орталығын ашуды жоспарлап отыр.

День Республики Казахстан отметили в Хьюстоне
Фото: Texas Qazaq Foundation

Кештің ең жарқын сәті қазақстандық әнші Мирас Жүгінісовтің концерті болды. Оның өнерін тамашалауға көпшілік жиналды. Атаулы мереке ұлттық бірлікті, Қазақстанға деген мақтаныш сезімін және екі ел арасындағы достықты дәріптеді. Республика күнінің ресми мойындалуы мен Хьюстонда Қазақстанның консулдық өкілдігінің ашылуы қазақ қауымы үшін маңызды қадам болды. Бұл бастамалар шетелдегі қазақтардың тарихи тамырымен байланысын сақтап, америкалықтарға Қазақстан мәдениетін танытуға жол ашады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Республика күніне орай Нью-Йоркте Қазақстан Туы көтерілді.