Хьюстонда туған күн кешінде атыс болып, 15 адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – Техас штаты, Хьюстон қаласының оңтүстік шығысында туған күн кешінде болған жаппай атыста бір адам қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алды. Бұл туралы Fox 26 Houston арнасы хабарлады.

Оқиға жексенбіге қараған түні сағат 12:40 шамасында Черрихилл көшесінде болған. 16 жасқа толған баланың құрметіне ұйымдастырылған кешке шақырылмаған адам келген. Кеш қатысушылары оның кетуін сұраған. Ол сыртқа шыққаннан кейін оқ ата бастаған. Оған жауап ретінде іштегілер де қару қолданған.
16 мен 40 жас аралығындағы 15 адам оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. 18 жастағы жігіт медициналық мекемеде көз жұмған.
Қазіргі уақытта атысқа күдікті адамның кім екені анықталған жоқ. Полиция оқиғаға қатысы бар адамдарды іздеп жатыр. Куәгерлерден құқық қорғау органдарына хабарласу сұралды.
Айта кетейік, бұған дейін Флорида штаты университетінде болған атыс кезінде төрт адам жарақат алғанын жаздық.