І Әлемдік этноспорт ойындарына қандай спорт түрлері кіреді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2021 жылы Астанада тұңғыш рет бүкіләлемдік этноспорт ойындары өтеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
«Осы жылдың 13-14 тамызы күндері Түркияның Ыстанбұл қаласында ЮНЕСКО-ның этноспорт жөніндегі кешенді IV кеңесі өтті. ЮНЕСКО-ның тұрақты өкілдері, 40-тан астам мелмекетттің спорт министрлері, депутаттары мен лауазымды тұлғалары және халықаралық спорт федерациясының басшылары бас қосқан кеңесте 2021 жылы Астанада тұңғыш әлемдік этноспорт ойындарын өткізу шешімі жарияланды. Сөйтіп біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындарыннан өтетін спорт бәсекелерін тамашалайтын болады», - деді Бекболат Тілеухан ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Б.Тілеуханның айтуынша, этноспорт ойындарын олимпиада ойындарымен және энтофестивальдермен салыстыруға болмайды.
Сонымен қатар, ол айтулы бәсекені өткізуге таласушы мемлекеттердің аз болмағанын және өткізуге үміткер елдердің спорттық жетістігі ғана емес, сол сияқты экономикалық тұрақты дамуына да мән берілгенін айтты.
Әлемдік этноспорт ойындарында қандай спорт түрлері болады деген сұраққа Б.Тілеухан қазақ күресі, көкпар, теңге ілу, аударыспақ және тоғызқұмалақ ұлттық ойындарын ұсынуды көздеп отырмыз деп жауап берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін ЮНЕСКО-ның бастамасымен 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындары Қазақстанда ұйымдастырылатындығы туралы хабарлаған болатынбыз.