И.Әлиев үшінші мерзімге сайлануы мүмкін - Әзірбайжанда өткен референдумның қорытындысы
БАКУ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Арнұр Мұхаметкәрім/ - Кеше Әзірбайжанның Орталық сайлау комиссиясы ел Конституциясына өзгертулер енгізу мәселесі бойынша наурыздың 18-інде өткен бүкілхалықтық референдумның алдын-ала қорытындысын жария етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Комиссияның хабарлауынша, 5 397 сайлау учаскесінен 5 361 хаттама (99,8 пайызы) келіп түсті. «Қатарынан екі мерзімнен артық Әзірбайжан Республикасының президенті болып ешкім сайлана алмайды» делінген Конституцияның 101-ші бабы 5-ші тармағының қазіргі редакциясын алып тастауды қолдап, дауыс берушілердің 91,75 пайызы дауыс берсе, 4,60 пайызы ? қарсы дауыс берген, бюллетеньдердің 3,64 пайызы ? жарамсыз деп танылған. Конституцияға енгізілгелі отырған түзету елдің қазіргі президенті Ильхам Әлиевке үшінші рет ел басшылығына сайлануға мүмкіндік береді. И.Әлиев президенттікке бірінші рет - 2003 жылы сайланса, екінші рет - 2008 жылдың қазан айында сайланып, сайлаушылардың 89 пайызға жуығының дауысын алған еді. «Соғыс операциясы бола қалған жағдайда, ел парламентіне депутаттар сайлауды кейінге қалдыра тұру» туралы түзетуді қолдап, сайлаушылардың 89,08 пайызы дауыс берсе, 6,26 пайызы - қарсы дауыс берді. Бюллетеньдердің 4,64 пайызы - жарамсыз деп танылды. Референдумға барлығы 3 миллион 478 мың 571 адам немесе барлық сайлаушылардың 71,08 пайызы қатысты. Әзірбайжанның Сайлау кодексіне сәйкес, сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс берсе, референдумға шығарылған мәселе қабылданған болып саналады.