І. Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілсе игі

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат -   І. Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілсе игі.  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында осындай мәселе көтерген сенатор Ертарғын Астаев, бұған тиісті қолдау көрсетуді сұрап Үкімет басшысының атына сауал жолдады.
None
None

«2015 жылы қазақтың аса көрнекті классик жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, кітаптары миллиондаған таралыммен әлемнің көптеген тілдеріне аударылған Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 жыл толады. Классик жазушы, ғажайып сөз зергері Ілияс Есенберлиннің еңбектері де ұшан-теңіз, атақтары да айтарлықтай. Оның 100 жылдық мерейтойын әлемдік деңгейде атап өту елдігімізге, азаматтығымызға үлкен сын. Әдебиетіміз бен мәдениетіміздің айтулы да майталман өкілінің мерекесі халықаралық ЮНЕСКО аясындағы дүние жүзілік дәрежеде  көрсетілуін халқымыз да тағатсыз күтетіні кәміл. Сондықтан да осынау шараға Сіздің мұрындық ретінде бастамашы болуыңызды бек құптаймыз!», - деді сенатор Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.

Ілияс Есенберлин әдебиетте алғашында ақын ретінде танылды. Оның «Сұлтан», «Айша», «Біржан сал трагедиясы» атты дастандары, «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы жарық көріп, оқырман ілтипатына бөленді. 60 жылдары қаламгер проза жанрына бет бұрып, осы аяда сүбелі туындарды дүниеге келтірді. Атап айтқанда: «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», «Адам туралы ән» хикаяттары, «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Алтын құс», «Жанталас», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Аманат», «Махаббат мейрамы» романдары, «Көшпенділер», «Алтын орда» трилогиялары бірінен соң бірі жарияланып, халықтың жастанып оқитын шығармаларына айналды. Оның 10 томдық шығармалар жинағы да оқырмандар қолында. Жазушының көркем дүниелері, әсіресе  «Көшпенділер» трилогиясы орыс, ағылшын, француз, араб, қытай, испан, украин, литва, венгр, латыш,  т.б. тілдерге тәржімаланды. Ол 1976 жылы республиканың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленіп, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. Оның есімі Атбасар қаласындағы мектепке, Алматы мен Астана шаһарларындағы көшелерге берілді.

Ілияс Есенберлин 1915 жылғы 10 қаңтарда қазіргі Ақмола облысы Есіл өңіріндегі Атбасар қаласында дүниеге келген.

Соңғы жаңалықтар