И.Меркель шетелде сотталған Қазақстан азаматтарының отанына оралу шарттарын түсіндірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сотталған адамдарды өзі азаматы болып табылатын елге жазасын өтеу үшін беру мәселесін қарастыру Бас прокуратура құзіретіне жатады.
Бұл ұлттық заңнамамен де, халықаралық шарттармен де анықталған. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.
"Шет мемлекеттерде біздің сотталған азаматтардың құқықтарын қорғау үшін біз біріншіден халықаралық шарттарға қол қою жөніндегі жұмыстарды жүргіземіз. Осы мәселе ТМД мемлекеттерімен 1998 жылғы 6 наурыздағы Бас бостандығынан айырылған сотталған адамдарды жазасын одан әрі өтеу туралы Конвенция шеңберінде шешіледі",- деді И.Меркель.
Оның атап өтуінше, соңғы жылдары аталмыш конвенциядан басқа Қазақстан Республикасы осы салада Түркіменстан, Украина, Әзербайжан, Испания, Түркия, Қытай, Италия, Мажарстан, Румыния және Үндістан елдерімен екіжақты келісімдерге қол қойды. Екіжақты ынтымақтастықты дамытудан өзге Қазақстан 2015 жылғы 6 желтоқсанда Қылмыстық жауаптылықты шетелде өтеу туралы америкааралық конвенцияға қосылды.