И. Рогов: Конституциялық құндылықтар арқасында Қазақстанда 120 этнос пен 17 діни конфессия өкілдері тату тіршілік кешуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Конституциялық толыққанды құндылықтар арқасында Қазақстанда 120 этнос пен 17 діни конфессия өкілдері тату тіршілік кешуде. Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Конституциясына 20 жыл: құқықтық мемлекет институты және заң шығармашылық процесі» атты тақырыпта өткен халықаралық конференция барысында ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игорь Рогов осылай мәлімдеді.

И. Рогов: Конституциялық құндылықтар арқасында Қазақстанда 120 этнос пен 17 діни конфессия өкілдері тату тіршілік кешуде

Кеңес төрағасының айтуынша, Қазақстанның Ата Заңы қоғамдық келісім мен азаматтар теңдігінің қазақстандық үлгісі үшін берік негіз қалады. Ал бұл қазақстандық үлгі қазіргі таңда шет мемлекеттерге кеңінен таралып, зерделеніп жатыр.

«Қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісінің табысты болуы Конституция ережелерінен бастау алады. Ал Ата Заңда барлық азаматтардың заң алдында теңдігі, кез келген мәселе бойынша кемсітушілікке жол бермеуге, идеологиялық, саяси алуантүрлі қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық республиканың басты қағидаты ретінде айқындалған», - деді И. Рогов.

Сонымен қатар, Кеңес Төрағасы соңғы жылдары шет мемлекеттер арасында қазақстандық қоғамдық келісім үлгісіне ерекше қызығушылық арта бастағанын атап өтті. Соның ішінде сарапшылар Парламенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квоталары, ұлттық-мәдени және басқа да қоғамдық маңызды мүдделердің ескерілуін қамтамасыз ету, ана тіліне құрмет, тәрбие мен оқыту секілді тәжірибелерге, сондай-ақ заң актілерінің қабылдану технологияларына қызығушылық танытып келеді.

«Қазақстандық үлгінің шет мемлекеттерде кеңінен зерделеніп жатқаны туралы сөз болғанда, мен оны Венециандық комиссияның бір мүшесі ретінде айтып отырмын. Өйткені, әріптестеріміздің зор қызығушылығы болғандықтан да маған осы комиссия аясында біздің тәжірибеміз туралы бірнеше мәрте сөз сөйлеуге тура келген болатын. Түйіндей айтқанда, конституциялық толыққанды құндылықтардың нәтижесінде Қазақстанда 120 этнос пен 17 діни конфессия өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп, тату тіршілік кешіп жатыр», - деді И. Рогов.