И. Тасмағамбетов Алматы облысында Су-27 апатында қаза тапқан ұшқыштардың наградаларын аналарына табыс етті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Алматы облысындағы Жаңалық ауылының маңында 2014 жылдың 23 қыркүйегінде апатқа ұшыраған Су-27 жойғыш ұшағы экипажының туған-туыстарымен кездесті.
Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Подполковник Ерлан Науанов пен подполковник Денис Горбуновтан құралған экипаж ұшақты елді мекеннен аулаққа алып кетуге бар мүмкіндік жасаған болатын. «Мемлекет басшысының Жарлығымен жауынгерлік және қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін подполковниктер Ерлан Науанов пен Денис Горбунов қаза тапқаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Осындай ержүрек офицерлер халықтың мақтанышы, мемлекеттің даңқы мен қуатын осындай адамдар көтереді», - деп атап өтті Қорғаныс министрі. Ол наградаларды Е.Ж. Науановтың анасы Риза Бекенқызы мен Д.И. Горбуновтың анасы Татьяна Александровнаға табыс етті.
«Сіздердің ұлдарыңыз біздің есімізде Отанға қызмет ету мен әскери қызмет атқарудың үлгісін көрсеткен ержүрек офицер және нағыз командир ретінде мәңгі сақталады», - деді И. Тасмағамбетов.