И.Тасмағамбетов: Елорданың ендігі басты міндеті - қаланы қазіргі даму үрдісінен жаңылдырмай әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың ендігі басты міндеті - қаланы қазіргі даму үрдісінен жаңылдырмай әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу. Бұл туралы бүгін «Астана инвест-2014» 5-ші халықаралық инвестициялық форумның ашылуында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов айтты.
«Астана инвест» жыл сайын әлем елдерінің сан саладағы маңдай алды мамандарының басын қосатын әмбебап жиын екендігін атап өткен қала басшысы: «Елбасының қолға алуымен ел экономикасына инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесі бүгінде көрер көзге айқын. Тың идея, ғылыми жетістіктер, жаңа технология өнімдерін қоғам өміріне батыл енгізуге қажетті инвестиция экономиканың қарқынды дамуының негізгі өзегі. Бүгінде Астана қаласы қай салада болмасын серпінді дамып келеді. Елорданың ендігі басты міндеті де - қаланы осынау даму үрдісінен жаңылдырмай ілгері оздырып, әлемнің үздік шаһарларының қатарына қосу», - деді.
И.Тасмағамбетовтің атап өтуінше, ол үшін, әсіресе, бизнес ортаның сеніміне кіріп, олардың инвестициялық күшін инновациялық жобаларға тарта білу керек. Сондықтан жаңадан еңсесін көтеріп келе жатқан жас қалаға инвестиция тарту мәселесі қашанды өзекті болмақ.
«Бұл орайда бүгінгі бас қосу озық ойлар мен жасампаз жобаларды ортаға салып, Астананың инвестицялық мүмкіндігін айқындайтын диалог алаңы деп білемін. Игі дәстүрге айналған осынау форум инвестиция саласындағы түйінді мәселерді тарқатып, дұрыс жол ұсынады деп сенемін», - деді ол.