И.Тасмағамбетов мектеп бағдарламасына эссе жазу тапсырмасын енгізуді ұсынды
АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан педагогтарының Тамыз кеңесі барысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов елорда мектептерінде эссе жазу тапсырмасын енгізуді ұсынды.
«Білім берудің осы әмбебап әдісі балаларды өз бетімен ойлауға үйретеді», - дейді ол.
Қала әкімі атап көрсеткендей, бүгінде білім беру мекемелерінің басым бөлігі әлі күнге дейін кеңестік жүйеден бас тарта алмай келеді. «Бірақ уақыт білім беру саласына біраз өзгерістерді енгізуді талап етіп отыр. Бүгінде дамыған экономикалар, ең алдымен, зияткерлік ресурстардың жоғары әлеуетіне негізделеді. Сол себепті бүгінгі білім беру жүйесі баланы өзгенің ой-идеяларын жаттауға емес, өз бетімен ойлауға үйретуі тиіс», - деді И.Тасмағамбетов. Осыған байланысты қала әкімі Қазақстандағы дәстүрлі жүйе мен Батыстың әдістемесін салыстырып, білім берудің озық үлгілерін анықтады. «Баланың ойлау қабілетін дамытатын осындай әмбебап әдістемелердің бірі - эссе. Біздің жаттанды шығармаларымызға қарағанда, эссе баланы өз бетімен ойлауға үйретеді. Ол бойынша берілетін тақырыптар сан алуан әрі өзекті болып келеді. Бізде болса, шығармалардың тақырыбы соңғы 20 жылда бірде-бір рет өзгермеген. Олар сонау XX ғасырдың 60-70 жылдардан бері келе жатыр», - дейді Астана қаласының әкімі. И.Тасмағамбетов Батыс елдерінде тарих пәні бойынша жазылатын эссені де мысал ретінде келтірді. Ол жақта оқушыларға «Әрбір азаматтың ел алындағы міндеті қандай?» деген тақырып беріледі. Осылайша, балалар мектеп жасынан бастап адамның азаматтық борышы пен ел алдындағы міндеті төңірегінде ой қозғап, патриот болып қалыптасады. Осы орайда қала әкімі О.Сүлейменовтың «АзиЯ» шығармасы аясында еркін ой қозғап, эссе жазуды ұсынды.