І жартыжылдықта астық экспорты 12 млн. тоннадан асты
АСТАНА. 27 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстанда ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған Бағдарламасы жүзеге асырылуда.
2012 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша астықты экспортқа шығарудың үлесі рекордық көрсеткіш - 12,1 млн. тоннаға жеткен, деп хабарлайды Pm.kz сайты.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, үстіміздегі жылы астық экспорты рекордық көрсеткіш - 12,1 млн. тоннаға жеткен, оның ішінде бидай түрінде экспортқа шығарылғаны - 8,4 млн. тонна, ұн - 2,6 млн. тонна. Жыл басынан бері экспортқа 7,5 млн. тоннадан артық астық тиелген.
Экспорт көлемін ұлғайту экспортшылардың астықты Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасы арқылы жөнелтуінің көлік шығынын субсидиялары арқылы, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстары мен ауыл шаруашылығы техникасын дайындаудың уақытылы жүргізілуімен мүмкін болғанын айта кету керек.
2011 жылдың қыркүйегінен 2012 жылдың наурызына дейінгі аралықта 2,5 млн. тонна астық субсидияланды. Тағы да 3,75 млн. тонна астықты субсидиялауға қаражат бөлу жоспарлануда.
Бұдан басқа, үстіміздегі жылы ауыл шаруашылығының егіс алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 1,4%-ға артып, 21,5 млн. га құрады. Сонымен қатар, 2012 жылы дәнді дақылдар егісітік алқабында 76,7% ылғал ресурсын сақтайтын технология қолданылды.
Азық-түлікпен қамтамасыз етуге келетін болсақ, 2012 жылдың қаңтар-маусым айларында азық-түлік өндірісі көлемі 5,9% артып, 359,1 млрд. теңгені құраған. Ұн өндірісі 31,1%, сұйық май 43,6%, жарма 6,6%, кондитерлік өнімдер 5,8%, шұжық өнімдері 18%, ет және ет-өсімдік консервілері 89,6 % артты.
АӨК дамыту бағдарламасы ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасындағы үдемелі индустриялық инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығына сәйкес әзірленген. Оны жүзеге асыру елдің аграрлық экономикасын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады.