І жартыжылдықта Индустрияландыру картасы бойынша 54 жаңа жоба ашылды
АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - Индустрияландыру бағдарламасы іске асырыла бастаған жылдары өңірлік экономиканың өсуін қамтамасыз етуге және өнімділігі жоғары жұмыс орындарын құруға бағытталған энергетикалық тұрғыдан тиімді жаңа өндірістер құрылды.
Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында Индустрияландыру картасы бойынша 54 нысан пайдалануға берілді, деп хабарлады pm.kz сайты.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2012 жылдың 5 айында өңдеуші өнеркәсіптіктің өсімі 6,8 пайызды құрады. Ал машина жасау саласындағы өндіріс - 16,4 пайызға, фармацевтикада - 9,8 пайызға ұлғайды. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы өсім 11,5 пайызды құраса, металл емес минералдық өнімдер өндірісі 7,6 пайызға артты.
Алдын-ала мәліметтер бойынша, Индустрияландыру картасының кәсіпорындары өткен 6 айда 300 млрд. теңгенің өнімдерін өндірген және ағымдағы жылы 54 жаңа өндіріс іске қосылды. Бұл көрсеткіштер өңірлік индустрияның өсу динамикасын көрсетеді. Индустрияландыру бағдарламасы қолға алынғалы бері республика бойынша 443 жаңа өндіріс ашылып, солардың арқасында экономиканың құрылымы өзгерді. Қазақстанда бұрын өндірілмеген жаңа өнімдер шығарыла бастады. Олардың қатарында тікұшақтар, теңіз құрылғылары, трансформаторлар, мұнай-газ бұрғылау қондырғыларына арналған металл құрылғылар, фармацевтика өнімдері және медициналық жабдықтар бар.
Сонымен қатар, машина жасау саласындағы жалпы қосымша құн 169,4 пайызды құрады, өндіріс көлемі 300 млрд. теңгеден 500 млрд. теңгеге дейін өсті. Ал химия саласында жоғары үлесті өнімдердің экспорты 2010 жылғы деңгейден 2 есеге артты.
Құрылыс индустриясында жалпы қосымша құн 160 пайыздан асты, отандық құрылыс материалдарының үлесі 67 пайызға өсті.
Жоғары технологиялық өнімдердің экспорты 58 пайызға артты. Оған қоса, өңдеу өнеркәсібіндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 2015 жылға жоспарланған көрсеткіштен асып, 70 пайыздан астамды құрап отыр.
Айта кету керек, Индустрияландыру бағдарламасы іске асырыла бастаған 2,5 жылдың ішінде 300-ден астам инновациялық жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Кәсіпкерлікті дамытудың 100-ге жуық тетігі әзірленді. Атап айтқанда, 166 кәсіпорын инновациялық гранттар алса, өз істерін енді бастаған 76 кәсіпорын тегін бизнес-инкубациялау қызметтеріне ие болды, 23 компания өндірісті басқарудың алдыңғы қатарлы технологияларын қолға алды, конструкторлық бюролар арқылы машина жасау саласы өнімдерінің 12 жаңа түрі енгізілді.
Оған қоса, 1,5 мың кәсіпорын шикізаттық емес экспортты қолдау бағдарламасымен қамтылып, соның арқасында өңделген өнімдердің экспорты 22 млрд. доллардан асып отыр.
Индустриялық-инновациялық дамудың арқасында ҮИИД бағдарламасы іске асырыла бастаған жылдары халықтың жұмыспен қамтылу құрылымы да сапалық тұрғыдан өзгерді. Жаңадан іске қосылған және жаңғыртылған өндірістерде 100 мыңға жуық адам уақытша және тұрақты жұмыстармен қамтылды.
Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны Үкімет Елбасының тапсырмасы бойынша іске асыруда. Бағдарламаның негізгі мақсаты ел экономикасын жеделдетіп әртараптандыру болып табылады. Қазіргі таңда Индустрияландыру картасына жалпы құны 11,4 трлн. теңгенің 706 жобасы кіріп отыр. Жобалардың құрылысы барысында 218 мыңнан астам жұмыс орнын, олар іске қосылғаннан кейін 191 жұмыс орнын құру жоспарланған.