IBU Қазақстанның биатлон базаларын тексерді
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Халықаралық биатлоншылар одағының (IBU) өкілдері Алматы мен Щучинскідегі биатлон базаларына тиісті категорияларды тағайындау үшін Қазақстанға сапар шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінен мәлім еткендей, 18 қыркүйек күні Қазақстан биатлоншылар одағының (ҚБО) вице-президенті Елена Хрусталева мен ҚБО бас хатшысы Манас Үсенов IBU өкілдерін «Алатау» шаңғы-биатлон кешеніне алып барды.
«Алатау» базасы «А» категорияға сай екені анықталды. Тек құжаттар мен стадиондағы бапкерлер дәлізін әлі де болса реттеу керек. Халықаралық одақ өкілдері барлық атқарылмаған міндеттерді 2018 жылдың 14 қазанына дейін аяқтауды тапсырды. Сол күні IBU техникалық комитетінің категорияларды тағайындау бойынша отырысы өтеді.
Ал 19 қыркүйекте IBU өкілдері Астанаға келіп, кейін Щучинскідегі шаңғы-биатлон кешеніне ат басын тіреді. Олар Щучинскідегі биатлон базасының әлемде теңдессіз екенін атап өтті. Кешенде спортшыларға арналған барлық инфрақұрылым қамтылған: бассейн, толығымен жабдықталған жаттығу залы, боксқа арналған шаршы алаң және кем дегенде 7 дәрігер жұмыс істейтін медициналық орталық бар.
Алайда, барлық жағдайдың жасалғанына қарамастан, кешен тек «В» категориясын алуы мүмкін. Себебі, кешенде баспасөз өкілдеріне арналған тоннель жоқ. Алайда, бұл 2020 жылы биатлоннан Жазғы әлем чемпионатын өткізуге еш әсерін тигізбейді.
Қазақстанның биатлон базаларын лицензиялау нәтижелері 14 қазанда IBU-дің техникалық комитетінің отырысында белгілі болады.
Айта кетейік, біздің ел 2020-2021 жылдарғы Юниорлар арасындағы әлем чемпионатын және 2020-2021 жылдарғы Жазғы әлем чемпионатын өткізуге үмітті.