ICAO 2014 жылы MH17 ұшағының атып түсірілуіне Ресейді кінәлады
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICАО) кеңесі 2014 жылы шілдеде Украинаның Донецк облысының үстінде Амстердамнан Куала-Лумпурға MH17 рейсін орындаған Malaysia Airlines Boeing 777 ұшағының апатқа ұшырауына Ресейді ресми түрде жауапты деп тапты. Бұл туралы ұйымның сайтында хабарланды.

Кеңестің хабарламасына сәйкес, Ресей өз әрекетінің басқа елдерге ұшу кезінде азаматтық ұшақтарға қарсы қару қолдануға тыйым салатын халықаралық азаматтық авиация туралы Чикаго конвенциясының ережелерін бұзғанын мойындаған.
Шешім 12 мамырда ICАО кеңесі мүшелерінің дауыс беруі арқылы қабылданды. 193 мемлекеттен тұратын БҰҰ агенттігі болып табылатын ICАО ісі Австралия мен Нидерланд үкіметтері тарапынан 2022 жылы ұсынылған. Екі ел де кеңестің шешімін құптады.
— Бұл MH17 рейсінің құрбандары, олардың отбасылары мен жақындары үшін шындықты, әділеттілікті және жауапкершілікті іздеудегі тарихи сәт... Біз Ресейді осы жан түршігерлік зорлық-зомбылық актісі үшін жауапкершілікті мойындауға және халықаралық құқық талап ететін өрескел әрекеттері үшін өтемақы төлеуге шақырамыз, - деді Австралия сыртқы істер министрі Пенни Вонг.
Нидерланд сыртқы істер министрі Велдкамп та мәлімдеме жасады.
— Бұл шешім халықаралық қоғамдастыққа мемлекеттердің халықаралық құқықты бұзуп, жазасыз қалмайтыны туралы нақты сигнал береді, - деді ол.
2014 жылы 17 шілдеде Донбасс үстінде Malaysia Airlines әуе компаниясының Boeing 777 ұшағы атып түсіріліп, салдарынан 298 адам қаза тапты. Апатқа ұшыраған лайнер бортындағы жолаушылардың көпшілігі — Нидерланд азаматтары. Сондай-ақ бортта Малайзия, Аустралия, Индонезия, Ұлыбритания және басқа да бірқатар елдердің азаматтары болған.
Нидерланды, Аустралия, Малайзия, Бельгия және Украина өкілдерінен құралған халықаралық тергеу тобы MH17 ұшағы апатқа дейін өзін-өзі жариялаған ДХР аумағына әкелінген ресейлік «Бук» зениттік-зымырандық кешенінен атылған зымыранмен атып түсірілгенін анықтады.
Тергеушілер «Букты» ДХР-ға жеткізу туралы шешімді Ресей президенті Владимир Путиннің өзі қабылдады деуге «байыпты негіздер» бар дейді.
2022 жылы Гаага соты ДХР-дың бұрынғы қорғаныс министрі Игорь Стрельков пен тағы екі адамды ұшақ апатына кінәлі деп тауып, сырттай өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді.
Айта кетейік, Үндістанда тікұшақ апатқа ұшырап, 5 адам қаза тапты.