Идеология майданының жауынгерлері - журналистердің еңбекақыларын әскери қызметкерлердікіне теңестіру қажет -Сенат депутаты

АСТАНА. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін сенатор Жабал Ерғалиев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, Қазақстанда журналист кадрларын даярлау және журналистердің мәртебесі туралы мәселе қарауды сұрады.
None
None

Сенатордың айтуынша, ел тәуелсіздігінің көк байрағын, яғни мемлекетіміздің тәуелсіздігін жаппай-тұрмай жырлап, тәуелсіз мемлекетімізді 20 жылдай қысқа мерзімге айдай әлемге танытқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтар мен адамзат мүддесі үшін жасап жатқан ұлы да ғибратты істерін асқан зор шабытпен жазып, ел мен мемлекеттің мүддесі үшін жанкештілікпен адал қызмет етіп келе жатқан мамандық иелерінің бірі - бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, яғни журналистер болып табылады. «Қазір тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы өзіндік даму әрі қарым-қабілеті жоғары, әлемдегі ең ықпалды әрі беделді орынға ие болды. Журналистиканың болашағы мен дамуының жағдайын ойлайтын болсақ, ендігі әрі Үкімет тарапынан бұл салаға да назар аудару қажет деп санаймын. Қазір елімізде журналистерге деген зәрулік бар. Сондықтан да журналист мамандарды даярлайтын мемлекеттік жоғары оқу орындарындағы студенттер санын көбейту және журналистика факульттеріне берілетін жыл сайынғы грантты көбейтіп, журналистердің білімі мен біліктіліктерін арттыруды ұйымдастыру қажет»,-деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, елдегі оқу орындарында әзірленіп жатқан журналист мамандарды дайындаудың сапасына да көңіл бөлетін уақыт жетті. «Журналистердің материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мәселелеріне көңіл бөлетін кез келді. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері не мемлекеттік қызметші, не бюджеттік сала категориясына жатқызылмайды. Осыдан келіп олар ең ақыры мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтер де ала алмай жатыр. Еңбекақылары төмен болғаннан кейін оларға банктер несие, ипотека беруден де іргелерін аулақ салады. Журналистер идеология майданының жауынгерлері болса, ендігі арада журналистердің еңбекақылары мен зейнетақыларын әскери қызметкерлердің еңбекақылары мен зейнетақыларына теңестіру қажет. Сондай-ақ оларға қоғамдық көліктерде тегін жүру құқығын беріп, бұл құқық ардагерлерге де таратылуы керек»,-деді Ж.Ерғалиев.

Сондай-ақ ол сөзінде 2012 жылдың баспасөзіне жазылу басталғандығын, ал Қазпоштаның кейбір жергілікті жердегі филиалдары өздерінің қызмет көрсету тарифтерін 15-20 пайызға өсіргелі отырғандығын атап өтті. «Бұл жағдай республикадағы газет-журналдардың жазылу бағасының өсуіне әкеліп соққалы тұр. Баға өскеннен кейін таралым кемиді. Бұл әсіресе мемлекеттік тілдегі бұқаралық ақпарат құралдарын күйзеліске ұшыратады. Сондықтан пошта қызметі тарифінің өсірілуіне жол берілмеуі керек. Журналистика бизнес емес, журналистика - идеология, журналистика -тәрбие. Олай болса біз журналист кадрларын дайындау ісін мемлекетіміздің идеологиясының болашақ кадрларын, өсиетті сөздерімен халыққа және қалың бұқараға тәрбие беретін, ой айтатын ерекше бір мамандық иелерін даярлау деп қарағанымыз абзал. Міне, осы және бұрын да айтылып келе жатқан ой-пікірлерді жинақтай келе үкіметтің Қазақстанда журналист кадрларын даярлау және журналистердің мәртебесі туралы мәселені қарап, әзірлеуін сұраймын»,-деді сенатор.

Соңғы жаңалықтар