ИДМ: Берлинде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Берлинде жүрген қазақстандықтарға адам көп жиналған орындарға бармаған жөн. Бұл туралы ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Иғали өзінің Facebook парақшасында жазды.

ИДМ: Берлинде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түскен жоқ

«ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаментіне зардап шеккен қазақстандық туристер туралы ақпарат келіп түскен жоқ», - деп жазды ол. ҚР ИДМ министрлігінің Туризм индустриясы департаменті Германия аумағында жүрген туристерді сақ жүруге, адам көп шоғырланған орындарға бармауға шақырады.

Әлемдік БАҚ-тың хабарлауынша, 2016 жылы 20 желтоқсанда Берлин орталығындағы Брайтшайдплац алаңында орналасқан рождестволық жәрмеңкеде жүрген халықты жүк көлігі соққан, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Соңғы деректер бойынша, мерт болғандар 12 адамға дейін өсті және 48 адам ауруханаға түсті.

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, жүк көлігі бүкіл алаң бойымен жүріп өтіп, шыршаның жанына келіп тоқтаған.