Иелік етуге рұқсат етілген қару саны 2-ге дейін төмендетіледі - заң жобасы
АНА. 10 Қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы еліміздегі күзет қызметін, қару айналымын бақылауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ішкі істер органдары қызметінің жекелеген бағыттарын жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасында Мемлекет басшысының «ҚР құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар» туралы Жарлығын орындау тетіктері де қарастырылған. Мәселен, құжат бойынша қоғамдық тәртіпті бұзушыларды медициналық айықтырғыштарға жеткізу жөніндегі функцияларын қоспағанда, медициналық айықтырғыштардың қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктерін Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына беру көзделеді.
Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарының қызметіне байланысты функциялары мен өкілеттіктерін Білім және ғылым министрінің қарамағына беру шаралары қарастырылады.
«Заң жобасындағы қару айналымын бақылауды жүзеге асыру нормасы бойынша рұқсат етілген қару түрлерін иелік етудің саны қазіргі қолданыстағы заңнамада 5-еу деп көрсетілсе, бұл 2 бірлікке дейін қысқартылады. Жеке күзет ұйымдарына иір ойықты атыс қару түрлерін ұстауға тыйым салынады. Ал электрлік қару-жарақтарды міндетті түрде ішкі істер органдарына тіркеу ұсынылады. Атыс қаруының иелеріне тұрғылықты орнын ауыстыру барысында қаруды есептен шығарып, жаңа мекен-жайы бойынша 10 күннің ішінде ішкі істер органына қайта тіркеуден өткізу міндеттеледі», -деді заң жобасы бойынша баяндаған ІІМ орынбасары Александр Кулинич.
Оның айтуынша, құжатқа сәйкес күзет қызметін бақылау жұмысы да күшейтіледі. Мәселен, күзет қызметі субъектілерінің саны азайтылады.
Біршама талқылаудан кейін палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.