Игі істер марафоны: Астанада еріктілер қарт кісілердің ауласының қарын тазалауға көмектеседі

еріктілер
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Игі істер марафоны аясында елорда еріктілері зейнеткерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы көмекке мұқтаж азаматтардың аулаларының қарын күреп береді, деп хабарлайды Kazinform Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Елордада бірнеше күн бойы қар жауып, аулалар ақ ұлпаға оранды. Қалың қарды аршу әсіресе егде жастағы және жалғызбасты адамдарға қиын, олар аулаларын өз бетінше күрей алмайды. Осыған байланысты «Астана жастары» еріктілері Көктал тұрғын алабының жеке секторының тұрғындарына көмекке келді. Олар аулалардың қарын тазалап, сарайлар мен жертөлелерге, үйлердің кіреберісіне дейінгі жолдарды тазартты.

игі іс
Фото: Астана қаласының әкімдігі

«Астана жастары» КММ еріктісі Дана Такенова волонтерлік қызметпен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Ол адамдарды жақсылық жасауға, қайырымды іспен айналысуға шақырды. 

«Бүгін біз ата-әжелерімізге қар күреуге көмектестік. Аталмыш акцияны жыл сайын өткізіп жүрміз. Қар күреуден бөлек, коммуналдық қызмет мамандарына бауырсақ пен ыстық шай таратамыз. Бұл сықырлаған сары аязда адамдарға ерекше көңіл сыйлайды. Қаламыздағы жастарды еріктілерден үлгі алуға шақырамын. Біздің қатарымызға қосылыңыздар!» - деді Дана. 

Жергілікті тұрғындар волонтерлердің көмегін бағалап, оларға алғыс білдірді. 

«Жастарымыз қандай тәрбиелі болып өсіп келеді. Жер үйде тұрғандықтан қыста толассыз жауған қар қиындық тудырады. Қақпаны жапқаннан кейін, кейде сыртқы есікті ашу мүмкін болмай қалады. Жастарға ризамын. Әрдайым көмектесіп тұрады», - дейді елордалық тұрғын. 

Игі іс
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордалық еріктілер қыстыгүні қар тазалауға көмектесумен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан отбасыларға азық-түлік себеттерін тасымалдайды, қарт кісілерге отын жаруға көмектеседі және коммуналдық қызмет мамандарына ыстық шай береді. 

Естеріңізге сала кетейік, Астанада игі істер марафоны басталды. 

Соңғы жаңалықтар
telegram