«Игі істер марафоны»: елордада 40 мыңнан астам адамға түрлі көмек көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM – «Игі істер марафоны» жобасында елорда жастары қандай жұмыс жүргізіп жатыр? Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Самат Ибраев Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте толық мәлімет берді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

жастар
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ведомство басшысының айтуынша Астана қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 440 мың. Бұл жалпы қала тұрғындарының санының 32 пайызын құрайды.

14 жоғары оқу орнында 79 мың, 35 колледжде 36 мыңнан астам студент білім алып жүр.

«2020 жылдан бері «Астана жастары» базасында қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штабта 6 мыңнан астам белсенді волонтер бар. Тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен, 20 бастамашыл топпен, мемлекеттік жастар саясаты саласында жұмыс істейтін 4 үкіметтік емес ұйыммен, сол сияқты кәсіпорындар мен меценаттармен серіктестік орнатылған», - дейді басқарма басшысы.

Ведомство басшысы сөзін жалғай отырып, волонтерлер 40 мыңнан астам адамға киім-кешек, азық-түлік, ақшалай көмек жеткізгенін мәлім етті.

Сол сияқты 3 мың панасыз жануар қайырымдылық қаражаты арқасында күтім алды. «Астана жастары» орталығы 2023 жылы волонтерлік бағытын кеңейтіп жатыр.

Мысалы, 2023 жылы «Қауіпсіз қала» жобасы аясында тұрақты негізде волонтерлер:

- Газдандыру туралы;

- Жылу беру және көктемдегі су тасқыны уақытындағы қауіпсіздік шаралары туралы; 

- Суға түсу маусымындағы ережелер туралы ақпараттандыру жұмыстарына; - Тыйым салынған заттарды сату туралы жарнамаларды бояу;

- Қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау бойынша «StopVandal» акцияларына; 

- Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы түсіндіру бойынша «Үздік» жобасына тартылады. 

Осылайша, Қалалық волонтерлер штабымен тек волонтерлік ұйымдар ғана емес, тіршілікті қамтамасыз ету мекемелері де серіктестікке жұмылдырылады. 

«Taza Alem» жобасы аясында волонтерлердің қатысуымен 45 эко-сенбіліктер өткізілді, оның ішінде 10 шарада су қоймалары мен Есіл өзенінің аумағы тазаланды.

Соңғы жаңалықтар