Игерілмеген жерлер мемлекеттің иелігіне қайтарылады - Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қ.Отаров
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - «Жерді игере алмаған азаматтар оны мемлекеттің иелігіне қайтарулары керек немесе жерді игеру үшін тиісті шаралар қолдануы керек.
Олай болмаған жағдайда жаңа заң талаптарына сәйкес, біз игерілмеген жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтарамыз», - деді бүгін Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров жер заңнамаларын одан әрі жетілдіру мәселесіне байланысты Сенат депутаттарымен болған кездесуден соң журналистерге берген сұхбатында.
Агенттік төрағасының мәліметтеріне қарағанда, елімізде тұрғын үй салуға қажетті қандай да бір жер телімін алу үшін 1 миллион 200 мың адам құзырлы органдарға өтініш берген. Олардың 30 пайызына осы уақытта жер беріліп үлгерген. Ал қалған азаматтарға жер берілген жоқ. «Өйткені бізде қазір тұрғындарға бере салатын инфрақұрылымы дайын жерлер жоқ. Ал жер беріліп, ол жерге үй салуға болмайтын болса, одан ешкімге де пайда жоқ. Сондықтан бізге қазір тұрғындарға берілетін жердің инфрақұрылымы болуы аса маңызды.
Сондай-ақ жерге өтініш берген азаматтардың басым көпшілігі облыс орталықтары мен қалаларда және қала маңындағы ауылдарда тұрады»,-деді агенттік төрағасы.
Оның сөзінше, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында бұл мәселе көрініс тапты. Сондықтан тұрғын үй салуға берілетін жерлердің инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, қомақты қаржы да жұмсалмақ.
«Өкінішке орай, қазір жер телімдерін алып, ол жерді қоршап алып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр деген көрініс жасауға ұмтылып отырғандар жетерлік. Олар шын мәнінде ешқандай да құрылыс жұмыстарын жүргізбеген, яғни жерді игермеген. Осыған байланысты қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде біз жер телімдерін толық көлемде инвентаризациялау шараларын жүргізіп жатырмыз. Осы ретте біз әрбір жер телімінің иесімен кездесіп, жерді игеруді талап етеміз. Олар қандай да бір себептермен жерді игеру үшін тиісті шаралар қолданбайтын болса, біз ол жерлерді мемлекет иелігіне қайтарамыз. Осылайша біз тәртіп орнатамыз. Жерге қатысты жағдайдың осылайша жалғаса беруіне жол беруге болмайды»,-деді Қ.Отаров.