Игілікті қадам - «Ақ бұлақ»

Ауызсу мәселесі бүгінде әлемнің көптеген елдерінде өзекті болып тұр десек, артық айтпаған болар едік. Бұл күрделі мәселелерді шешу біздің елімізде де «Ақ бұлақ» бағдарламасының негізінде қолға алынғаны бірнеше жылдың жүзі болды. Нәтиже жоқ емес, бірақ әлі де атқаратын шаруалардың бар екені көпшілікке мәлім. Су арналған инфрақұрылымдық жүйелерді қалыптастыру, материалдық-техникалық базаларды жасақтау, су құбырларын тарту, ауызсудың сапасын арттыру және т.б. шараларды атқару маңызды.
Жалпы, су ресурстары мәселесін кең көлемде қарастыратын болсақ, ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін оның ең толғақты тақырыптар қатарына шығатындығын байқаймыз. Қазіргі күні тұщы су көздерінің мәселесі, соның ішінде халықтың таза ауызсумен қамтылу жайы жер шарындағы экологиялық ахуалдың ушыға түсуінің аясында адамзаттың ортақ проблемасына айналды. Көптеген сарапшылар ендігі кезекте ел мен елдің, өңір мен өңірдің арасында болуы мүмкін дау-жанжалдар нақ осы мәселеден өрбуі мүмкін деген қауіп айтады. Демек, әр мемлекет өздеріндегі су ресурстары мен оны тиімді және үнемді пайдалану ісіне алдағы уақытта барынша мән бере түспек. Еліміздің су ресурстарын нығайту мен оның қорларын сақтау мәселесіне Қазақстан басшылығы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ қатты көңіл бөлуде. «Ақ бұлақ» бағдарламасының өңірлердегі жүзеге асырылу барысы да кешенді түрде жүргізілуде. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының аудандары мен елді мекендері, ауылдарының бірқатары сапалы ауызсумен қамтамасыз етіліп отырғаны қуанышты жайт. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында 9 елді мекен сапалы ауызсумен қамтамасыз етілді. Осы елді мекендердің ішіндегі алты ауылға биыл сапалы ауызсу берілмек. Халық әл-ауқатының жақсы деңгейде болуы ауызсудың сапасымен тікелей байланысты екені сөзсіз. 2014 жылы оңтүстікқазақстандықтарды ауызсумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 4,5 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 4,1 млрд. теңге (барлығы 8 млрд. 600 млн. теңге) бөлінген екен. Ал 2011-2012 жылдары ауызсу саласына 20 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлінген еді. Облыс бойынша «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2011-2013 жылдары 153 елді мекенде жаңа ауызсу құбырлары салынып, пайдалануға берілді. Өңірдегі елді мекендердің 71,5 пайызы немесе облыс халқының 84,4 пайызы ауызсумен қамтылған.
Бұл деректер облыс көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Бағдарлама өзінің орындалу межесінде ілкімді нәтижелерге қол жеткізетін болса, халықтың ауызсумен қамтамасыз етілу деңгейінде өз шешімін таппақ.
Бүгінде облыс деңгейінде «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айта кетуіміз керек. Бюджеттен арнайы қарастырылған қаражаттың тиімді жұмсау, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу тәрізді маңызды жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Соның нәтижесі болса керек, қазіргі таңда облыс көлеміндегі құбыр сумен қамтылмаған 264 елді мекен бойынша толық талдау жүргізіліп, 155 елді мекенге дербес су құбырларын салу қажеттігі анықталды. Ал 64 ауылды топтасқан су құбырларына қосу жоспарланған. Оның ішінде шалғай орналасқан 45 елді мекен бар. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша, биыл еліміздің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті тарапынан 2 млрд. теңге қаржы қарастырылып, облыс көлемінде құбыр суы жоқ 150 елді мекенде жерасты су қорларына іздеу-барлау, 24 ауылда геологиялық барлау жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірлеуге қаржы бөлініп отыр. Бағдарлама аясында кешенді шараларды жүзеге асырудың тиімділігіне ерекше мән берілуде. Себебі ауызсуды жеткізуге байланысты қабылданған шаралардың барлығы кәсіби мамандардың жұмылуымен орындалып келеді. Әр жыл бойынша бөлінген жоспарлы істер аясында, мәселен, аймақтағы елді мекендердің 217-сіне су құбыры жүргізілді. 835 мың адам ауызсумен қамтамасыз етілді. Одан бұрынғы көрсеткіштермен қосып есептегенде, күнгей облыстағы 2,3 миллионға жуық адам таза су пайдаланып отыр. Облыста 929 елді мекен бар болса, оның 665-іне су құбырлары тартылған. Сумен қамтамасыз ету нысандарын салуға республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылар жұмсалып жатқанын айта кету керек. Міне, осылайша, ел игілігін көздеген бағдарлама толығымен жүзеге асырылып, онда көзделген міндеттер орындалатын болса, алдағы уақытта бұдан да қомақты нәтижелерге қол жеткізуімізге болады. Бүгінгі таңда су шаруашылығы мамандарының көмегімен облыстағы жерасты тұщы су қорының мөлшері анықталды. Оның есебі облыстық және жергілікті әкімдіктерге өткізілуде. Бірақ су қорын іздестіру жұмыстары әлі күнге дейін жалғасын табуда. Су қорларын табу өте өзекті мәселенің бірі болып отырғаны белгілі. Өйткені бұл бағдарламаны оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Ақ бұлақ» ауызсу бағдарламасының орындалуы облыс әкімінің тікелей бақылауында болғандықтан, құрылысты жүргізген мердігер компаниялар ауызсуды ауылдағы үйлердің ауласына дейін кіргізуге күш салуда. Сонымен қатар тарифтер бағамын дәл анықтау үшін әр үйге су есептегіш құрылғылар орнату да қолға алынған.