IХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 1-2 орын алған оқушыларға Назарбаев университетінің гранты табыс етілді

АЛМАТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат - Назарбаев университетінде білім алу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл туралы кеше Алматыда мәреге жеткен IХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында математикадан бірінші орын алған Әлібек Сайланбаев жеңімпаздарды марапаттау кезінде айтты.

IХ Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 1-2 орын алған оқушыларға Назарбаев университетінің гранты табыс етілді

«Мен Алматыдағы О.Жәутіков атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатында 11-ші сыныпта оқимын. Бұған дейін Мәскеудегі техникалық жоғары орындарының бірінде мамандық алуды армандайтынмын. Бүгін мен үшін күтпеген сый жасалды. Жеңімпаз ретінде Астанадағы Назарбаев университетінің грантына ие болдым», - дейді Ә. Сайланбаев. Алматыдағы дәстүрлі бұл білім жарысында 2012 жылы да үздік шыққан ол, алдағы жылдары студенттер арасында да өз бағын сынаудан үмітті. Жәутіков олимпиадасында 2011 жылдан бері қатысып келе жатқан ол, алғашқы жылы үздіктер қатарына іліне алмаған еді. Дайындықтың арқасында енді өз білімімен өзге елдің өкілдеріне қазақ елін танытқанына қуанышы шексіз.

13 елден келген 348 оқушы биыл математика, физика және информатика пәндері бойынша 32 алтын, 57 күміс, 79 қола жүлдені өзара сарапқа салған болатын. Олардың арасынан алтын және күміс медаль алған 89 оқушы енді алдағы жылдары Астанадағы Назарбаев университетінде жоғары білім ала алады. Оның 52-сі - қазақстандықтар.