ИИДМБ: Биыл 1 трлн теңгенің 150 жаңа жобасы іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылы Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 1 трлн теңгеге 150 жаңа жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында аталған бағдарламаның өткен жылғы қорытындысын шығарған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы үшінші жыл іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі бағыты - өңдеу өнеркәсібі. Бүгінгі таңда біз бағдарламаның іске асырылу нәтижелерін 2015 жылмен салыстыра қорытындылаймыз. Бағдарламаның табысты іске асырылуы өңдеу өнеркәсібінің 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша 5,7 пайызға өсуіне ықпал етті», - деді министр.
Оның дерегінше, өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі және фармацевтика салаларындағы өндірістің артуы есебінен қамтамасыз етілген.
«Мемлекеттік бағдарламаның негізгі нысаналы индикаторлары бойынша оң серпін байқалады. Өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда 2017 жылдың қорытындысы бойынша 10,5 пайызға өсіп, 15,5 млрд АҚШ долларын құрады. 2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша еңбек өнімділігі 1,9 пайызға өсті және бір адамға шаққанда 22,3 мың АҚШ доллары болды. Бұл ретте, еңбек өнімділігіне қатысты жылдық деректер 2018 жылдың шілде айында белгілі болады», - деді ол.
Жеңіс Қасымбектің мәліметтеріне сәйкес, 2017 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға өсіп, 982 млрд теңгені құраған.
«Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістерді іске қосамыз. 3 жылда Индустрияландыру картасы аясында 3 трлн теңге қаржыға 378 жоба іске қосылып, 30 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, 2017 жылы 1,5 трлн теңге қаржыға 120 жоба іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 2018 жылдың соңына дейін 1 трлн теңге қаржыға 150 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр», - деді Жеңіс Қасымбек.