III Baikonyr SFF: Азат Жұмаділ үздік актер атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық картина III Baikonyr Short Film Festival-дың номинациясында жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
III Baikonyr Short Film Festival 20-23 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өтті.
«Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, байқауға киностудияның жеті фильмі қатысқан. Олар: Берік Жахановтың «Асан», Венера Қайыржанованың «Тығылмақ», Әділ Мұсатаевтың «Хат», Ален Рахметалиевтің «Соңғы мұғалімі» (көркем фильмдер бағдарламасы), Қайша Рахымованың «Наири», Камила Әбділдинова мен Камила Бердімұратованың «Өйткені сүйемін» және Евгений Лумповтың «Түстер үйлесімі» (деректі фильмдер бағдарламасы) қатысқан.
Нәтижесінде, «Асан» фильмінің бас кейіпкері Азат Жұмаділ «Үздік актер» атанды.
Айта кетейік, фильмдердің барлығы дерлік ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.
«Асан» фильмі әкесінің жерлеуіне қатысу үшін жолға шыққан бозбала туралы баяндайды. Бұған дейін картина 71- ші Халықаралық Канн кинофестивалінің Short Film Corner аясында көрсетілген болатын.
Жалпы, байқауға келіп түскен 195 өтінімнің 47-і іріктеліп алынған. «Baikonyr SFF» жеңімпаздары 13 номинация бойынша анықталды:
Гран-при - «Қош бол, досым», Тимур Сердалин
«Үздік режиссер» - «Қош бол, досым», Тимур Сердалин
«Үздік оператор» - «Uzbek elegy», Бақтияр Исламов
«Үздік сценарий» - «Қош бол, досым», Жәнібек Мұртазин
«Үздік актер» - «Асан», Азат Жұмаділ
«Үздік актриса» - «Самал», Жанел Аликова
«Үздік қоюшы-суретші» - «Өркеш», Иван Ардашов
«Үздік дыбыстау» - «Чемпион», Мария Валуйская, Юлия Реиман, Сейіт Тасболатов
«Үздік анимациялық фильм» - «Өркеш», Иван Ардашов
«Үздік деректі фильм» - «Қасапшының бір күні», Нұрсұлтан Нұсқабеков
«Үздік эксперименттік фильм» - «Өлім алдындағы балаларды ұнатамын», Әлібек Әбдіхалық
«Арнайы төрешілер сыйлығы» - «Қыстың соңы», Әмір Әменов