ІІІ «Серпер» қазақ халық аспаптар фестиваліне 5 облыстың өнер ұжымдары қатысады

АСТАНА. 15 маусым. ҚазАқпарат - Елордадағы Қазақ ұлттық университетінің орган залында ІІІ «Серпер» қазақ халық аспаптар республикалық фестивалінің ашылуы өтеді.

ІІІ «Серпер» қазақ халық аспаптар фестиваліне 5 облыстың өнер ұжымдары қатысады

Астананың туған күнін тойлауға арналған іс-шаралар тізімін биылғы жылы көптеген жобалар толықтыруда. Олар халық музыкасын, қазақтың ұлттық аспаптарын, билері мен дәстүрлерін кеңінен насихаттайды. Қазақ бағзы заманнан ән мен күйге жақын халық. Халық әндері мен дәулескер күйшілердің қалдырып кеткен баға жетпес мұралары осыған толық дәлел. Сондықтан «Серпер» қазақ халық аспаптар фестивалінің орны мен маңызы ерекше. Ол мерекенің сәніне сән қосады.

«Халық аспаптар оркестрінің өнері «Назарбаев орталығы» конференц залында, ал гала-концерті «Қазақ елі» монументі алаңында өтетіндігі жоспарланған, - деп хабарлайды Астананың 15 жылдық мерекесін әзірлеу және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті штабының медиатобы.

Фестивальде М.Өскенбаев атындағы Маңғыстау облысының халық аспаптар оркестрі, И.Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрі, Жамбыл облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрі, Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының халық аспаптар оркестрі, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық «Нарын» фольклорлық оркестрі өнер көрсетеді.

Астана күніне арналған ІІІ «Серпер» қазақ халық аспаптар республикалық фестивалінің гала-концерті 6 шілде күні «Қазақ елі» монументі алаңында өтеді.