ІІМ «Демалыс» жедел-алдын алу шарасын өткізуді жоспарлайды

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі республиканың барлық аумағында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін тарта отырып, жазғы демалыс кезінде «Демалыс» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңін өткізуді жоспарлап отыр.

ІІМ «Демалыс» жедел-алдын алу шарасын өткізуді жоспарлайды

Шара 13 маусым және 15 маусым аралығында өткізілмек. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында мәлім болды.

Шараның негізгі мақсаты - жазғы демалыс кезінде жасөспірімдер қылмысының алдын алу, кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктерді, темекі бұйымдарын сату фактілерін анықтау. Сонымен қатар олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз ойын-сауық орындарында, тұрғын үй-жайларынан тыс жерлерде болу фактілерін, жасөспірімдерді қоғамға қарсы іс-қимылдар жасауға тартатын ересек адамдарды анықтау көзделеді.

Іс-шара барысында мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандарды, оның ішінде ішкі істер органдарының есебінде тұрған, қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін жасөспірімдер тексерілетін болады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалануға қатысты тексеріс жүргізіледі.