ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің 3 мыңға жуық қызметкері кезектен тыс аттестаттаудан өтеді

АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің 3000-ға жуық қызметкері кезектен тыс аттестаттау шарасына қамтылады.

ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің 3 мыңға жуық қызметкері кезектен тыс аттестаттаудан өтеді

Бұл туралы аталмыш департаменттің баспасөз қызметі хабарлады. 

 «Елбасының үстіміздегі жылғы 27 қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өтілгендей, 2012 жылдың 1 шілдесіне дейін республикамыздың құқық қорғау және арнайы қызметтері қайта аттестаттаудан өткізілмек. Олардың қатарында Көліктегі ішкі істер департаментінің жеке құрамы да бар.  Бұл шара құқық қорғау органдарының қатарын сапалы кадрлық жаңартудан өткізуге, осы арқылы полицияға кездейсоқ келген адамдарды анықтауға зор мүмкіндік беретіні ақиқат. Бұл өз кезегінде полиция жұмысының сапасының арта түсіп, қылмыстарға қарсы күресте белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе алатынымызға кепілдік бола алмақ»,-делінген баспасөз баянында.

 Сондай-ақ ондағы мәліметтер бойынша, Елбасының құқық қорғау органдарын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі бастамасын жүзеге асыру үшін Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаменті қызу дайындық шараларын жүзеге асыруда. Кесте бойынша департамент басшылығы аттестаттаудан Ішкі істер министрлігінде, Департаменттің жеке құрамы тікелей өзі қызмет атқаратын мекемеде өтеді. Ал жергілікті жерлердегі басқармалар мен дербес бөлімдерді Департамент қызметкерлерінен құралған арнайы топ өкілдері тексереді.

 Көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы полиция полковнигі Жанат Сүлейменовтың айтуынша, аттестатаудан Көліктегі ішкі істер департаментінің 3 мыңға жуық жеке құрамы толықтай өтеді. Бұл шараға тек аяғы ауыр әйелдер мен бала күтімінде отырғандар, ауыр дертке шалдығып, емделіп жүргендер қамтылмайды. Сонымен қатар, қызмет өткеру жасы келіп қалған, зейнеткерлік жасқа жеткендер аттестаттаудан өтуге дейін арыз жазып, ішкі істер органдары сапынан шыға алады. Қызметте қаламын деген осы санаттағы қызметкерлер аттестаттаудан өтеді.

Бұл шара 10 мамыр күні басталады.