Иісшіл иттер жарысы өтіп жатыр
АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін, Ресей ФҚҚ Шекаралық кинологиялық оқу орталығында, атап айтқанда Смоленск облысының Вязьма қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің шекара ведомстволарының кинолог-мамандары арасында арнайы жарыс басталды.
ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған іс-шараға ҚР ҰҚК Шекара қызметінің командасы да қатысып, бақ сынауда. Команда құрамындағы прапорщик Бақытжан Мырзахметов есірткілік заттарды іздейтін өзінің «Рекс» (2088 әскери бөлімі); прапорщик Кәмиля Шайхулина жарылғыш заттарды іздейтін «Беки» (2125 ә/б); келісімшарт сержанты Арын Жексенәлиев із кескіш «Гектар» секілді неміс тұқымдас иттерімен бірге қатысып (2125 ә/б), өздерінің үздік тәсілдерін ортаға салуда. Ал, қазақстандық кинолог-шекарашылардың командасына ҚР ҰҚК Шекара қызметі Кинологиялық орталығының бастығы подполковник Нұрболат Әбдіқалықов басшылық етуде.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден келген кинолог-мамандар жарысы бес күнге созылады.