ИКАО Бас хатшысы авиация саласына жастарды тартудың маңызын атап өтті

АСТАНА. KAZINFORM- Астанада өтіп жатқан ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы (ICAO Security Week 2026) аясында авиациялық қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті дамыту және мамандардың жаңа буынын даярлау мәселелері талқыланды. «Авиация персоналының келесі буыны (AVSEC NGAP)» тақырыбындағы панельдік сессияға ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, Қазақстанның Көлік вице-министрі Талғат Ластаев және авиация саласының өкілдері қатысты.

ИКАО Бас хатшысы авиация саласына жастарды тартудың маңызын атап өтті
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Талқылаудың негізгі тақырыптары ИКАО-ның мамандар даярлау жөніндегі жаңа стратегиясы, кадр тапшылығын еңсеру және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында саланың тұрақты кәсіби әлеуетін қалыптастыру болды.

Пікірталасқа сондай-ақ ИКАО-ның Әлеуетті дамыту және іске асыру бюросы директорының орынбасары Мигель Марин, ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік, киберқауіпсіздік және формальдылықтарды жеңілдету мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Соня Хифди, сондай-ақ Қазақстан авиация саласының жас мамандары – Астана халықаралық әуежайының авиациялық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Валерия Харламова мен Олжас Қуаныш қатысты.

Қатысушылар кадр ресурстарын стратегиялық жоспарлау, құзыреттілікке негізделген оқытуды енгізу, кәсіби өсуге жағдай жасау және авиация саласының жастар үшін тартымдылығын арттыру мәселелерін қарастырды. Тәлімгерліктің, халықаралық тәжірибе алмасудың және жас мамандардың мансаптық мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Сессияны ашқан ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар әлемдік авиацияның болашағын қалыптастыруға жастарды тартудың айрықша маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жас мамандардың саланы дамытуға қатысты өзіндік көзқарасы бар және олардың пікірі халықаралық деңгейде ескерілуі тиіс. Ол мұндай кездесулер ұрпақтар арасындағы диалог үшін маңызды алаң қалыптастырып, жас мамандарға авиациялық қауіпсіздіктің стратегиялық мәселелерін талқылауға тікелей қатысуға мүмкіндік беретінін айтты.

Валерия Харламова авиациялық қауіпсіздік саласындағы жұмыс кәсіби құзыреттерді ғана емес, күнделікті өмірде де қажетті маңызды қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыратынын атап өтті.

-Халықаралық тәжірибе алмасу жас қызметкерлер үшін ерекше маңызды. Ол жаңа тәсілдерді табуға мүмкіндік береді, соның нәтижесінде саланы одан әрі дамытуға бағытталған тың идеялар туындайды, – деді В. Харламова.

Осыған дейін Қазақстанның авиациялық оқиғаларды тергеу саласында ИКАО тәжірибесін енгізетні туралы жаздық.