ИКАО Қазақстанға тек бақылау функцияларына қатысты шағымданған - Б. Сейдахметов

АСТАНА.  13 қыркүйек. ҚазАқпарат - ИКАО (Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы) Қазақстанға тек ішінара бақылау функцияларының  қатысты шағымданған.

ИКАО Қазақстанға тек бақылау функцияларына қатысты шағымданған - Б. Сейдахметов

Бұл туралы бүгін Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA - International Air Transport Association) Орталық Азия мен Кавказ өңірінде қауіпсіз және тиімді әуе тасымалдарын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған халықаралық форумда ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Бекен Сейдахметов  мәлім етті.

Комитет төрағасының айтуынша, Қазақстанның Үкіметі Еуроодақтың «қара тізімінен» шығуға қатысты бірқатар шараларды қабылдағалы жатыр. Бұл бағытта іс-шаралардың ведомствоаралық жоспары мен бірқатар заңға тәуелді актілер де әзірленген. «Бүгінгі таңда бақылау функцияларын сапалы орындауға ғана қатысты проблемалар бар. Ондай функциялар да негізінен Азаматтық авиация комитетінің құзыретіне жатады. Сондықтан да, халықаралық ұйым біздің азаматтық авиация саласындағы субъектілерді жеткілікті деңгейде қадағаламайды деп санап отыр», - дейді Б. Сейдахметов.

Оның айтуынша, жеткілікті қадағаланбаудың басты себебі - жоғары білікті авиация мамандарының жоқтығынан.

«Біз жақын аралықта осы мәселелерді түбегейлі шешетін боламыз. Сол арқылы ИКАО талабын толық орындаймыз», - деді ол.

Сонымен бірге, комитет төрағасы жолаушы және жүк тасымалдары, ұшу тұрақтылығы, транзиттік трафик және әуе кемелерінің паркін жаңарту көрсеткіштерінің тұрақты өсу динамикасын атап өтті. Мәселен, 2011 жылы отандық әуе компаниялары 4,1 млн. адамды тасымалдаған. Ал биыл бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 17 пайызға артық. 2012 жылғы 1-жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жолаушы ағынының өсімі 15 пайызды құрады.