ИКАО стандарттарына сәйкес қайта сертификаттаудан соң еліміздегі кейбір авиакомпанияның жұмысы тоқтауы мүмкін

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Биыл еліміздегі авиакомпаниялар мен әуе кемелері ИКАО стандарттарына сәйкес, аталған ұйым өкілдерінің қатысуымен қайта сертификатталады.

ИКАО стандарттарына сәйкес қайта сертификаттаудан соң еліміздегі кейбір авиакомпанияның жұмысы тоқтауы мүмкін

Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.

«Сертификаттар бойынша жолаушы тасымалымен тұрақты айналысатын авиакомпаниялар міндетті түрде IOSA-ның аудитінен өтеді. Бұл ретте ИКАО-ның болжауы бойынша қайта сертификаттау нәтижесінде кейбір авиакомпаниялар өз жұмысын тоқтатуы ықтимал. Бұл ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, Қазақстан авиациясының «қара тізімнен» шығуына ықпалын тигізетен болады», - дейді А. Жұмағалиев.

Министрдің айтуына қарағанда, еліміздің Азаматтық авиация академиясының базасында ИКАО-ның Авиациялық қауіпсіздік бойынша оқыту және біліктілікті жетілдіру бағытындағы бірыңғай орталығын ашу қарастырылады. «Қазір Академияның техникалық базасын нығайтуға және заманға сай тренажерлер мен әуе кемелерін алуға қаржы бөлу жұмыстары қарастырылып жатыр», - дейді А. Жұмағалиев.