Ильхам Әлиев: Астанаға келген сайын сәулеттің тың шешімдері таңдай қақтырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Астана арқылы тәуелсіз Қазақстанның жаңа символы пайда болғанын тілге тиек етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Астанаға келген сайын дамудың қарқындылығын байқаймын. Бір қарасаңыз, қала тұрғындарына жайлы жағдайдың, сәулеттік даму тұрғысынан бәрі жасалған секілді деп ойлап қарап отырсаң да, келген сайын Астана жаңа жобаларымен, жаңа сәулеттік шемімімен, дамудың жаңа бағыттарымен таңдай қақтырады. Сондықтан, Астана - заманауи әрі табысты қала құрылысының жарқын үлгісі болып табылады. Бұл жерде сәулеттік шешімдер инфрақұрылымдық шешімдермен ұштасып жатыр. Сол себепті, қала тұрғындар үшін өте ыңғайлы. Астанаға келгендердің бәріне өте жайлы шаһар. Қаланың дамуына Қазақстан басшылығы зор махаббатпен қарайтыны көрініп тұр», - дейді Ильхам Әлиев «Хабар» арнасындағы Ерлан Бекхожиннің «Ұлы даланың астанасы» атты деректі фильмінде.
Әзербайжан Президентінің айтуынша, 20 жыл бұрын Қазақстанның экономикалық әлеуеті қазіргідей болмаған. Ол шақ - ірі экономикалық реформалардың кезеңі болған. Сондықтан, Астананың көшіру туралы бастама үлкен ерлікті және ақылды талап еткен.
«Қала бос жатқан аумақта тұрғызылды. Мен Астананың іргесінің қалану кезеңін білемін. Әлбетте, бұл орасан зор күш-жігерді және адами, қаржылық ресурстарды талап еткен. Астананы көшіру туралы шешімді көптеген адамдар күтпеген де еді. Бірақ, өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, бұл өте сәтті шешім болды. Өйткені, заманға сай алшаң басып келе жатқан алып шаһар тұрғызылды», - дейді ол.
Ильхам Әлиевтің сөзіне сәйкес, Астананың дамуы жүз мыңдаған жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берген.
«Қаладағы құрылыс қарқыны құрылыс материалдарының индустриясының және инженерияның дамуын қамтамасыз етті. Демек, елорда өзінің соңынан дамудың даңғылын алып келе жатқан еді. Сондықтан, шешім әсте қарапайым емес әрі дұрыс болды. Үлкен шығындарға қарамастан, экономикалық тұрғыдан өзін толығымен ақтады деп айта аламын. Дамудың жаңа қырларын көрсең, әрдайым өзіңе де сіңіргің келіп тұрады. Астананың тәжірибесін, ең алдымен жоспарлаудың дұрыс әдісін зерттей отырып, Астананың сәулеті өте үлкен қызығушылықты тудырып отырғанын байқауға болады. Өнер туындысындай - қала үлкен махаббатпен және тілекпен тұрғызылған. Әу баста меніңше, Астана тұрғызылар кезде тәуелсіз Қазақстанның жаңа символын қалыптастыру көзделген секілді. Міне, бұл мақсатқа қол жеткізілді», - дейді Ильхам Әлиев.
Айта кетсек, Ерлан Бекхожиннің «Ұлы даланың астанасы» атты деректі фильмінде посткеңестік елдердің басшылары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласы туралы өздерінің ой-пайымдарымен бөліскен.