Илья Ильин «2014 жылдың үздік ауыр атлеті» атанды (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық ауыр атлетика федерациясы 2014 жылдың үздік атлеттерін атады. Бүгін Астанада «Жылдың үздік ауыр атлеті» атағының лауреаттарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Бұл беделді атаққа қазақстандық ауыр атлет, екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин мен ресейлік спортшы қыз, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Татьяна Каширина ие болды. Олар халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресми журналы «World weightlifting» (Ауыр атлетика әлемі) жанкүйерлер арасында ұйымдастырған интернет-дауыс беру қорытындысы бойынша озып шыққан. Ғаламтор желісінде дауыс беру шарасына дүние жүзінен 2 мыңнан астам адам қатысып, жеңімпаздарды анықтады. «Менің жеңістерім - тек менің ғана емес, барлық ұжымның жетістіктері. Бұл тек басы ғана, сондықтан әлі де алға қарай жылжып, жаңа асулар мен алтын медальдарды бағындыра береміз. Маған үлкен отбасы деген ұғым өте қатты ұнайды. Мен сол отбасында болып, ауыр атлетиканы дамытып, еліміздегі ауыр атлетика тарихының бір бөлігіне айналғым келеді», - деді И.Ильин әріптестерінің құттықтауын қабыл ала отырып. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысып, спортшыларды жеңістерімен құттықтады. «Мен Ильяны кішкентай кезінен білемін. Ол өзінің маңдай тері арқылы еңбектің не екенін, дене шынықтырумен шұғылданудың маңыздылығын дәлелдеді. Қарапайым отбасынан шықса да, ол өзінің алға қойған мақсатына еңбек пен талап арқылы жетуге болатынын барша әлемге көрсетті», - деді Б.Сапарбаев. Айта кетейік, Астанада өткен салтанатты шараға Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Томаш Аян мен IWF бірінші вице-президенті Нику Влад арнайы келді. «Илья Ильин нағыз ерлік жасады. Мен оның Олимпиадада жасаған рекордын әлі күнге дейін ұмыта алмай жүрмін. Мен оған бұдан былай да тек жеңістер тілеймін», - деді Томаш Аян. Айта кетейік, дауыс беру қорытындысы бойынша ерлер арасында екінші орынға қытай спортшысы, Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы Ляо Хуэй, ал әйелдер арасында қазақстандық спортшы қыз, әлемнің үш дүркін чемпионы Зульфия Чиншанло тұрақтады. Ерлер арасындағы үшінші орын тартысты өткенімен, ақыр аяғында ресейлік спортшы Руслан Албеговке бұйырды. Ал әйелдер арасында қытайлық спортшы қыз Денг Вей үшінші орынды місе тұтты.