Илья Ильин: Ешкім менен сырт айналып кеткен жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық ауыр атлет, әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин допинг дауынан кейін ешкім өзінен теріс айналып кетпегенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАпарат тілшісі.
«Ешкім менен сырт айналып кеткен жоқ. Бәрі де ойдағыдай болды. Кейде өмірде бір адаммен келе жатып, жолдарың екіге айырылатын кез болады. Оның өмірі басқа, сенікі басқа - ары қарай жүре бересің. Менен ешкім теріс айналып кеткен жоқ. Бақытты адаммын. Бұл тұрғыда менде бәрі жақсы. Отбасымды, әке-шешемді ерекше атап өткім келеді. Әке-шешемнің сарқылмас сабырына алғысым зор. Олар өте күрделі кезеңдерді менімен бірге жүріп өтті», - дейді Ильи Ильин.
Ильин сондай-ақ бұрынғы бапкері - Ержас Болтаевпен қарым-қатынасы туралы айтты.
«Ержас жайлы айтарым - бұрынғыдай қарым-қатынасымыз жақсы. Ол Қазақстан құрамасына жұмыс істеуге кетті. Қазір жігіттерді баптап жатыр. Керемет жаттықтырушы. Мен әрдайым ол жайлы айтып келемін, Қазақстан құрамасын алға жетелеп жүре алатын адам. Ол жақта Сергей Седов, Арман Әбдіреев те бар. Құраманың осы тіректері атлеттерді шынайы дайындай алады. Олар оны дәлелдеп келеді», - деді ауыр атлет.
«Соңғы мәрте серпіліс жасау керек!» деген ауыр атлет спорттық мансабын Токиода аяқтау туралы идея бұрыннан барын жеткізді.
«Мен кезінде, сонау Бейжіңде (2008 жылғы Жазғы Олимпиадада - авт.) алға қойған миссия жолымен келемін. Бейжің мен Лондон Олимпиадалары мен үшін өте керемет өтті. Әлемнің төрт дүркін Олимпиада чемпионы болғым келді. Әлбетте, оңайға түспеді. Өмірде миссияны орындау үшін шырмаудан өтуге тура келеді екен», - деді Илья Ильин.