Илья Ильин: Өз күшіммен тапқан екі жүлдемді ешкімге бергім жоқ

«Дәл қазіргі жағдай бойынша, менің екі медалімді алып қоймақшы. Мен ол жүлделерімді бергім келмейді, себебі, ол медальдерді мен таза еңбегіммен таптым, мен допинг пайдаланған емеспін, мен таза күшіммен орын алдым...»,-деді спортшы бүгін Астанада журналистермен әңгімелесе отырып.
Илья тіпті жаттығу залында түнегенін, екі Олимпиада ойындарында да алтын медаль алу үшін тіпті мүмкін емес деген жаттығулар жасағанын айтып, көңілі босады.
«Жаттығу залында тектен текке түнеп, екі Олимпиада ойындарында да мүмкін емес деген жаттығулар жасадым. Бұл адамның тағдыры емес пе, сегіз жыл бұрын таза шыққан сараптаманы қайта қазып, адамның тағдырын ойыншыққа айналдыру адамгершілікке жатпайды»,-деді Илья.
Естеріңізге сала кетейік, ауыр атлет Илья Ильиннің 2008 және 2012 Олимпиада ойындарындағы допинг сынамасында допинг іздері табылған деп хабарланды. Бірақ, Илья бұл жалған айып екенін және өзінің таза екенін дәлелдеймін деп отыр.