Ильяны ақтап шығу үшін бір жыл уақыт кетуі мүмкін - Ержас Болтаев

«Негізі, «Илья Лондон Олимпиадасында допинг пайдаланған» деген ақпараттан кейін, Бейжің Олимпиадасына қатысты да осындай шу шығады дегенге дайын болдық. Өйткені, Лондон олимпиадасын «қаралаған» олар «Бейжіңде Илья таза болды» деп айта алмайтын еді. Бұл - менің жеке ойым. Олардың мақсаты - екі Олимпиаданың да жүлдесін қайтару. Олардың айтуынша, негізгі мақсат Рио Олимпиадасына допинг қолданған спортшыларды жібермеу дейді. Олимпиада ойынын допингтан тазартамыз дейді. Бірақ, Ильяның айтуынша, ол Бейжіңге ұшып келгенде, таңғы жетіде қан тапсырған, жарыстың алдында және жарыстан кейін үш рет қан тапсырған»,-дейді Е.Болтаев.
Ержас Болтаевқа көптің көкейіндегі сұрақты қойдық: сегіз жыл бойы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қайда қараған?
«Жалпы, допинг тексеру процесі былай жүреді сізді жарыс үстінде тексереді. Яғни, анализдың қорытындысы Олимпиада ойындарының барысында айтылу керек, сіз еліңізге кеткеннен кейін оның қорытындысы айтылмайды. Зертхана күндіз-түні жұмыс істеп, нәтижесін бір-екі күнде береді. Яғни, Бейжіңде де, Лондонда да ондай мәлімет айтылған жоқ. Илья допинг қолданған болса, оның алтын медалі сол жерде қалатын еді. Бұл істің аяғына дейін барып, анығын білу керек. Риоға баруға мүмкіндігіміз өте аз. 0.1 пайыз деп айтсам болады. Себебі, уақыт тығыз. Ильяны ақтап шығу үшін уақыт керек. Процесс тіпті бір жылға созылып кете ма деп қорқамын. Өте қиын жағдай. Бұны кім жасап жатса да, ауыр атлетикаға кері әсерін берейін деп тұр. Илья өте танымал спортшы, оған қарап қаншама бала ауыр атлетикаға келіп жатыр. Ильяның мақсаты - ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде дамыту. Илья спортты қойғаннан кейін - ауыр атлетиканы дамытады. Ол жаттығуын тоқтатқан жоқ, тоқтатпайды да. Біз Ильяның екі жүлдесі үшін күресеміз. Өзіміздің кінәлі емес екенімізді дәлелдеу керек»,-дейді бапкер.
Еске сала кетейік, ауыр атлет Илья Ильиннің 2008 және 2012 Олимпиада ойындарындағы допинг сынамасында допинг іздері табылған деп хабарланды. Бірақ, Илья бұл жалған айып екенін және өзінің таза екенін дәлелдейтінін айтып отыр. Бұл істі бүгін ҚР Премьер-министрінің өзі назарға алып, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына допнинг дауын бақылауға алуды тапсырды.