Ілбіс және Coca-Cola: мурал авторлары алматылықтардың наразылығына қатысты пікір білдірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Абылай хан көшесіндегі үйлердің бірінің қасбетінде бейнеленген ілбіс (қар барысы) суреті қалпына келтірілетін болды. Бұл туралы сурет авторлары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жібек жолы мен Абылай хан көшесінің қиылысында орналасқан үйдің қабырғасында бейнеленген ілбіс суреті 2017 жылы пайда болды. Муралды «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қоры мен Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен жергілікті суретшілер Шаман мен Неон салған.
«Бұл – сырлап немесе арнайы құрылыс материалымен жауып тастаған 4-ші немесе 5-ші қабырға суреті. Маған ешкім хабарласқан жоқ. Рұқсат та, кешірім де сұрамады. Мен бұл туралы әлеуметтік желілерден білдім. Біз ілбістің суретін Mural fest халықаралық фестивалі аясында салдыртып едік. Бұл қала күніне жасалған сыйлық болатын. Оның үстіне, қар барысы – Алматының символы», - дейді «Балалар әлемді бейнелейді» қоғамдық қорының директоры, Mural Fest халықаралық фестивалінің кураторы Мөлдір Бекжан.
Оның айтуынша, 5 жыл ішінде фестиваль аясында шетелдік және қазақстандық суретшілер қалада 50-ге жуық ғимаратты безендірді. Олар былтыр бір қабырғаға орташа есеппен 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Жобаны қалалық мәдениет басқармасы қаржыландырды.
«Фестиваль аясында әкімдікпен тығыз жұмыс істейміз. Алдымен, суретшілер эскиздерін көрсетеді, сосын басқармада бекітеміз. Орынды алдын ала белгілейміз. Фестиваль басталар алдында қаланы аралаймыз, жерлерді суретке түсіреміз. Ашық және адам көп жиналатын жерлерді таңдаймыз. Барыстың қала қонақтары мен тұрғындары көп жүретін Арбат аймағында орналасқанына қуандық», - дейді ол.
Ал, суретшілер Шаман мен Неон үшін бұл сурет алғашқы үлкен жоба болған.
«Үй қабырғасындағы мурал алғашқы жобамыз болды. Біз өз бағытымызды біріктіріп, тұрғындарға ұнайтындай етіп жасадық. Суретті бір аптаға жуық салдық. Айтпақшы, бұл – біздің Алматыдағы соңғы арт-нысан», - деді Шаман.
Оның айтуынша, жуырда Coca-Cola компаниясы жоба авторларымен және үй тұрғындарымен кездесу ұйымдастырған.
«Жақында біз осы үйдің тұрғындарымен, Coca-Cola компаниясы өкілдерімен кездесу өткізіп, жобаны талқыладық. Енді жарнама компаниясы қажетті құжаттарды дайындап, кейін әкімдіктен рұқсат алады. Сосын жұмысқа кірісеміз. Бұл – біздің жобамыз, эскиздер сақтаулы, қабырға суретін қалпына келтіреміз, бәрі бұрынғыдай болады. Жарнаманы бояп, барысты кері қайтарамыз», - дейді Шаман.
Екінші суретші, мурал авторларының бірі Неон да компания қателек жіберді деп есептейді.
«Әрине, бұл жаңалық бізді аздап таңқалдырды. Олай жасауға болмайды. Бұл фестиваль аясындағы алғашқы үлкен жұмысымыз болған еді», - деді ол.
Бұған дейін Алматы әкімдігі тұрғын үйлердің біріне салынған ілбіс муралының неге ауыстырылғанын түсіндірген еді.
Кейін «Coca-Cola Қазақстан» компаниясы тұрғындардан кешірім сұрап, мурал қайта қалпына келтірілетінін айтты.